​«Табиғатты аялау – ұрпаққа үлгі»: Таза қала - мәдениетті қоғамның айнасы

0
106

Шымкент қаласында жыл басынан бері аталмыш акция аясында 25 іс-шара өткізіліп, оған 3000 мыңнан астам жұмысша тартылды.


​«Табиғатты аялау – ұрпаққа үлгі»: Таза қала - мәдениетті қоғамның айнасы

ERNUR.KZ. «Таза Қазақстан» акциясы елімізді экологиялық мәдениетін қалыптастыруға арналған ауқымды бастама. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынып, ел тұрғындарын табиғатты, қоршаған ортаны қорғауға және таза ұстауға шақыруда. Шымкент қаласында жыл басынан бері аталмыш акция аясында 25 іс-шара өткізіліп, оған 3000 мыңнан астам жұмысша тартылды. Сонымен қатар, 4200 арнайы техника жұмылдырылып, 26 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдықтар шығарылды. 10 мың ағаш көшеті егілді.

Бүгінде қала аумағындағы экологиялық ахуалды жақсартып, тұрғындардың өмір сапасын арттырумен Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы айналысады. Басқарма өз өкілеттігі шегінде табиғи ресурстарды басқару, қоршаған ортаны қорғау, қаланы абаттандыру және көгалдандыру салсындағы іс-шараларды жүзеге асырады. Айталық, жақында Шымкент Халықаралық әуежайына қарама-қарсы аумақта механикалық санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізіліп, ыстық пен суыққа төзімді тал-терек отырғызылды. Бәйдібек-би даңғылынан бастап «Шымсити» шағынауданындағы саябаққа баратын көшелерге және «Tulip Hall» мәдени орталық аумағында 2000 годжун ағашы мен тез өсетін әрі ұзақ «өмір сүретін» 2000 түп шынар егілді. Одан бөлек, «Шымсити» шағынауданындағы саябақтың тазалығы қатаң бақылауға алынып, қураған ағаш көшеттері ауыстырылды. Скейт парктер мен самалжайларда бүлінген орындықтар мен қоқыс жәшіктері қайта қалпына келтірілді.
Сонымен қатар, аталмыш басқарма қаланың орталық көшелеріне жүргізетін тазалық жұмыстарын мынадай негіздемелерге сәйкес ұйымдастырады. Атап айтар болсақ, ауа райы жауын-шашынды немесе қар жауған күндері күндізгі және түнгі уақытта арнайы бригадалар құрып, магистралды көшелер мен саябақтарды қардан тазалау жұмыстарын жүргізеді. Қажетті болған жағдайда инертті материалдарды себеді. Мұндайда магистральды көшелерді арнайы техникалармен тазалау жұмыстары үздіксіз жүргізіледі.
Бүгінде Қошқар ата мен Қара су өзеніне механикалық және санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізілді. Қала аумағынан ағып өтетін каналдарды механикалық және санитарлық-тазалау жұмыстары күнделікті атқарылуда. Апта сайын өткізіліп жатқан сенбіліктер барысында ескерткіш тақтайшалардың да таза болуына баса көңіл бөлінеді. Субұрқақтар кестеге сәйкес жұмыс істеп жатыр.
Жалпы қала тазалығы тұрғындардың жайлы өмір сүруіне тікелей әсер ететін маңызды фактор болып табылады. Соңғы уақытта қалада көше тазалау жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Мұндағы мақсат – тұрғындарға қолайлы және санитарлық талаптарға сай ортаны қалыптастыру. Қазіргі таңда мекемелер тарапынан орталық көшелерді тазалауға әр ауданда 50 адамнан тұратын бригадалар құрылған. Олар халық көп жүретін қоғамдық орындар мен аялдамаларды, жол жиектерінің тазалығына жауапты. Қазір көктемгі маусымға байланысты арықтар мен жол жиегіндегі шөптер де тазартылып жатыр. Тазалық жұмыстарына оқу орындарындағы жастар ұйымдарының да тартылып жатқанын айта кетейік. Бұл – бір жағынан алғанда экологиялық мәдениетті дамытуға, екінші жағынан алғанда қоғамның белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Әрине, тұрғындар да бұл іске өз үлестерін қосып, өздері тұратын көпқабатты үйлердің маңайын тазартуға атсалысуда.
Ағымдағы жылы ағаш отырғызу маусымында қаланың жасыл белдеу аймағына 100 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылды және орталық көшелерге 14 мың дана ағаштың 2 мыңы егілді. Балалардың дені сау әрі бақытты болып өсуі үшін оларға қауіпсіз әрі қызықты ойын алаңшалары қажеті. Биыл Абай саябағына, Металлург саябағына және Алатау саябағында балалар алаңшалары салынбақ.
Мегаполистегі бұрынғы аумағы 45 гектарды құрайтын ескі қоқыс полигонының орнына экологиялық саябақ құрылысы басталды. «Эко саябақ» аумағында амфитеатр, фонтандары бар жасанды су қоймасы және белсенді демалысты ұнататындар үшін спорт алаңы, жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары қарастырылған. Жобаның жалпы құны 5 млрд теңгені құрайды. Бұл жұмыстардың барлығы демеушілер есебінен жүзеге асырылуда. Бұйыртса, «Эко саябақ» тұрғындарға таза ауада демалуға мүмкіндік беріп қана қоймай, табиғатпен үйлесімді өмір сүрудің үлгісін көрсететін игі жоба болмақ.
Қала көркейту және көріктендіру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Айталық, биыл көше қиылыстарына, айналма жолдар мен жол жиектеріне 40 мың шаршы метр аумаққа 1 млн данадан астам қызғалдақ гүлі отырғызылып, 1 млн 300 мың дана біржылдық гүлдер егу жоспарлануда. Қазіргі таңда қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында ұзындығы 54,2 шақырымды құрайтын 24 көшені тазалау, көгалдандыру жұмыстарының мемлекеттік сатып алу конкурстарының жеңімпазы анықталып отыр.
Былтыр мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында қаланың санитарлық-тазалық жұмыстарына жауапты болып табылған мердігер мекемелер тарапынан 5 гүлзар салына бастаған болатын. Оның ішінде Еңбекші ауданы Сайрам көшесінде 0,8 гектарды құрайтын және Тұран ауданы Рысқұлбеков көшесіндегі 0,5 гектарды құрайтын 2 гүлзардың құрылыс жұмыстары аяқталды. Биыл Әл-Фараби алаңы мен Түркістан көшесінің қиылысындағы 0,4 гектарды құрайтын және Тұран-2 шағын ауданы, № 11 мен № 12 көше қиылысындағы 2,7 гектарды құрайтын, сонымен қатар Қаратау ауданы Астана шағын ауданы 0,5 гектарды құрайтын 3 гүлзардың құрылыс жұмыстарын аяқтап, тұрғындарға қолданысқа беру жоспарланған.
Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 2025 жылдың наурыз айынан бастап апта сайын сенбілік ұйымдастырылуда. Сенбіліктер барысында өзен арналары, жағалаулары тазартылып, қоқыс қалдықтары жиналып, қураған ағаш бұталары кесілуде. Шөп ору, ирригациялық арық жүйелерін тазалау, аяқ жолдарды тазалау жұмыстары да атқарылуда. Ағаш көшеттері отырғызылуда.
Сенбілік жұмыстарына аудан әкімдіктері, қалалық басқармалар, аумақтық департаменттер, қала тұрғындары мен қоғам белсенділері, кәсіпкерлерлер мен ерікті жастар белсенді түрде атсалысуда. Сенбілік қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған шара ғана емес, сонымен қатар, қоғам мүшелерін біріктіретін, жауапкершілікке тәрбиелейтін маңызды іс-шара.
Қоршаған ортаны таза ұстау тек арнайы қызметкерлердің ғана емес, қалада тұратын әрбір тұрғынның ортақ міндеті. Ал, таза қала -- дені сау ұрпақ пен мәдениетті қоғамның айнасы екенін ұмытпайық.