Қазақтың КЕЛІНІ екі жағдайда СӘЛЕМ салмайды

0
43 445

Сіз ата-енеңізге, қайынаға-қайынәпкеге, абысынға сәлем саласыз ба?


Қазақтың КЕЛІНІ екі жағдайда СӘЛЕМ салмайды

иллюстрациялық фото: limon.kg

«Басыңа орамал байлағаның – күйеуіңнің жолы болсын дегенің, иіліп сәлем бергенің – күйеуіңнің амандығын тілегенің» деген өсиетті сіз де бойжетіп, бойыңызды түзеп жүрген кездерде естіген боларсыз. Иә, мұндай сөздерді менің кербез Інжу жеңгемнің де естігеніне күмәнім жоқ. Бірақ санасына сіңіре алмағаны қынжылтады.

Жеңгемнің сәлем салуды ұмытып кететіні үйдің үлкендерінің көңіліне келеді. Әжемнің «Келінжан, сәлеміңді үзбе шырағым» деген ескертпесіне ағам кәдімгідей шамданып қалады. «Бір үйде тұрамыз. Күнде сәлем салуы шарт емес шығар. Келіндеріңізді анда-санда көріп жүрген жоқсыздар ғой» деп ағам жас келіншегіне болысып жатқан соң жеңгем де қаперіне іле бермейді. Сондайда эмоциясын жасыра алмаған жеңгем: «Сайра абысын да сәлем салмайды ғой. Бес бала туғаны болмаса, екеуміз де осы үйдің келіні емеспіз бе» деп кіжініп қалады.

фото: infourok.ru

...Абзалдың үйленетінін естігенде 80-дегі әжемнің қуанғанын көрсеңіз. Ал 2 бірдей ағасы тік тұрып, қызмет етті. Ал Сайра жеңгемнің қызметін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Кенже бауырларын қара шаңыраққа ие етіп, хан сарайындай зәулім үй салып берді. Шыны керек ерке келін дайынға келді. Жаңа үй... Жаңа жиһаз... Көздің жауын алатын ас бөлмесі... Тек қана дәмі тіл үйірер тағамдарын дайындап, үйдің үлкендерінің көңілінен шығып, батасын алып отырса болғаны. Тіпті, үйдің коммуналдық төлемдері бір ағамның мойнында болса, екінші ағам азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Әжем мен анамның қалтасына салмақ салмайды. Ал жас жұбайлар мұның байыбына барып жатқаны шамалы. Кез келген ана өзге босағаны аттайтын қызына үлкенді сыйлауды, күйеуінің отбасын құрметтеуді үйретеді. Бірақ біздің жеңгеміз бұл «сабаққа» қатыспаған секілді. Өйткені таңертең әжем мен анама сәлем салуды ұмытып кетеді. Мұны ерсі көрген әжем кәдімгідей қамығып қалады. Біздің үйдің берекесі таңғы асқа отырмай-ақ кетеді. Демделген шай да, қуырылған жұмыртқа да, анамның пісірген омлеті де дастархан үстінде түртілмеген күйде қалады. Соңғы кезде бұл жағымсыз көрініс күнде қайталанатын болды. Ағам мен жеңгемнің де арасында салқындық пайда бола бастады. Қарап отырсам бір шаңырақ шайқалғалы тұр. Сосын әжем мен анама «сәлем салу балаларыңыздың бақытынан қымбат па? Оның сәлемін күтпей-ақ қойыңыздаршы. Басқа келіндеріңіз сәлем салып, ілтипатын көрсетіп жүр ғой. Екі келін сәлем салып, екеуі салмаса дүние өзгере қоймас. Үлкен келіндеріңізді сәлем салудан босатқан жоқсыздар ма», дедім.

Мұны естіген әжем: «Қарғам-ау, Сайра жеңгеңнің жөні бөлек. Алтынға айырбастамайтын келінім күнде 100 рет иіліп сәлем салудан жалықпайды. Оның сәлем салмауының салмақты себебі бар. Қазақта келін екі жағдайда сәлем салудан босатылады.


Біріншісі, аяғы ауырлаған кезде. Жүкті келінді болашақ ана ретінде бағалап, оны аялайды. Бірақ бұл жүктіліктің соңғы айларында ғана уақытша сәлем салудан шегеріледі.

Ал екінші жағдайда отағасынан айырылған жесір әйел (ред. Сайра жеңгеге қатысты) сәлем салмайды. Күйеуі қайтыс болған әйел отбасының жүгін арқалайды, балалары жас болса оны жетілдіру үшін жұмыс істейді. Қазақта «Басың иілмесін, жігерің құм болмасын, жүзің төмен түспесін, көзіңді мұң шалмасын. Бұдан былай келініміз емес, қызымыздай боласың» деп үлкендер сәлем салудан босатады.

фото: o-krohe.ru

Бұларды бүгінгі жастардың түйсігіне қалай жеткізесің?! Келіннің салған сәлемі – бойыма қуат береді, жүрегіме тыныштық орнатады, көңілімді көтереді. Сәлем салған келінге кім кесірлі сөз айтады. Керісінше «Көп жаса», «Ұл тап», «Өркенің өссін», «Ғұмырлы бол», «Дана ана бол» деген сынды жақсы тілектер жаудырып, бата береді емес пе? Бүгінгі жас келіндер неге осындай бақыттан бойларын алыстатады, деді әжем.

Бүгінгі жас келін сәлем салудың төрінде салмақты ой жатқанын білмейтін де шығар. Осы мақала оларға ой салып, қателіктерін түзейді деп үміттенеміз. Келін ретінде көпшіліктің алғысына бөленіп, батасын алудың өзі бір ғанибет. Сәлем салудан қиналмау керек, керісінше сәлем салуға асығу керек. Өйткені сіздің салған сәлеміңіз отбасыңыздың амандығын тілегеніңіз, қорғаны болғаныңыз, келешекке бастаған кемел қадамыңыз екен ақ жеңгем, асыл жеңгем. Ең болмағанда елудің бесеуінен асқан енесінен үлгі алса нет-ті. Үлкендерді ырза етіп, қуанышқа бөлеу түк те уақыт алмайды ғой, шіркін-ай.


Сонымен қатар:


  • қайтыс болған үйде келіндер сәлем салмайды;
  • енесі, абысындары, жезделері келінмен рулас болса сәлем салмайды.



Ақерке Еділ,

ERNUR.KZ.


Оқи отырыңыз:


ҚЫЗ туған келіншекке екі ҚОЙ сою керектігін білесіз бе?


Садақа қандай қауіптен сақтайды