​Киіттің салмағы қызының бақытына балта шаппаса дейді

0
8 505

Бас құда мен құдағиымыз мұрнын тыжырайтып, менсінбейді. Құда жақтан ұлының екеу болатынына жүрегі жарылып, қуаныштан жүздері бал-бұл жайнап жүрген біреуді байқай алмадық. Бұл бәрінен де Мәриям апайыма ауыр тиді. Бірақ көпшілікке сездірмей, құрақ ұшып құдаларын күтіп жатыр.


​Киіттің салмағы қызының бақытына балта шаппаса дейді

фото: toibiznes.kz

Жақында ғана көршіміз Мәриям апай жалғыз қызы Ханшайымды ұзататынын айтып, ағайын-көршілерге дастархан жайды. 27 жасында жесір қалған келіншектің бар жұбанышы бауырындағы 4 айлық сәбиі еді. Ол қызының қиыншылық көрмей өсуі үшін кез келген жұмыстан өзін аямады. Қатарынан кем етпеу үшін барын салды. Қызын да жастайынан еңбекке баулып, үлкен-кішіні құрметтеуді, сыпайы, иманды болуға үйретті. Кішкентай Ханшайым өте пысық, зерек, алғыр болып өсті. Мектеп бітірген соң өз күшімен жоғары оқу орнына түсіп, университетте де озат болды. Көз алдымызда өскен Ханшайымның әр қадамы үшін біздер қуанатын едік. Анасына деген құрметі мен ізеті сүйсіндіретін. Еркелесе де шолжаңдыққа жол бермейтін. Оның жүрек қалауын тауып, сүйгеніне қосылып жатқанына бүкіл ауыл қуандық. Анасының жалғыздығын білдірмей білек сыбана той қамына кірістік. Ел ағалары тойдың қаржысына көмектесіп, асаба-әншілердің мәселесін шешетін болды, ал әйелдер қауымы киіт беру жағы мен дастарханды жайнатуды мойнымызға алдық. Сөйтіп ақылдаса келе айдың 20-на деп тойды белгіледік.

Белгіленген уақытқа құда жақтан 10 шақты адам келіп, қалыңдықтың сырғасын салып, ұзатып алып кететінін жеткізді. Олар да ұлын үйлендіруге сақадай сай екен. Үлкен тойды бір жұмаға қалдырмай жасайтын болыпты.

Тойды белгілеп қойған Мәриям апай күнде базарға шабылады. Осылай жүріп тойдың болатын күні де келді. Әдеттегідей жасымыз да, кәріміз де сол үйдеміз. Біріміз Мәриям апайдың кем-кетігін толықтырсақ, енді біріміз бөтен үйдің табалдырығын аттауға дайындалып отырған жас келінге білгенімізді айтып, анасының жүзін жерге қаратпау үшін қандай қиыншылыққа да төзуі керектігін ескертіп жатырмыз.

Ертеңіне түске жақын құдалар да келді. Көліктерінен түсуі қиын болған олардың көңілінен шығу үшін биледік те, ән де салдық. Бейне бер қуанышқа, тойға емес, басымызды шауып, желкемізді қиятын жауларымызға ұқсап түнеріп келді. Бас құда мен құдағиымыз мұрнын тыжырайтып, менсінбейді. Құда жақтан ұлының екеу болатынына жүрегі жарылып, қуаныштан жүздері бал-бұл жайнап жүрген біреуді байқай алмадық. Бұл бәрінен де Мәриям апайыма ауыр тиді. Бірақ көпшілікке сездірмей, құрақ ұшып құдаларын күтіп жатыр. Бәріміз де құдалардың асты-үстіне түсіп бәйекпіз. Олар дастарханға жайғасып, екі жастың бақыты үшін бата жасалған соң тамақ салдық. Бірінші тамақтан соң құдағилар жағынан ырым-жырымымызды бастайық. Беретінімізді беріп, алатынымызды алып отанымызға қайтайық демесі бар ма?! Бәріміз де біртүрлі аңтарылып қалдық. Сасқанымыздан келгендеріңіз енді ғой. Қайда асықтыңыздар деп қоямыз. Олар да алған бетінен қайтпай, әкелген сөмкелерін ашуға асықты. Сөйтіп орта жастағы Айша деген құдағиымыз сөмкелердің ортасына тұра қалып, сый-сияпаттарды үлестіруге кірісті. Әр сөзінде зіл бардай түйілді маған. Бас құдағиымызға салмағы 30 келі шығатын сырға-жүзік тағамыз деп ортаға Мәриям апайды шақырды. Құлағына алтын сырға тағып, қолына сақинасын салды. Күйеу балаларыңыз Азаматтың нағашы әжесі салмағы 20 келі шығатын "московский тросс" тақты. Ал өзінің әжесі сіздердің алтындарыңыздан да қымбат тұратын екі күміс білезік әкелді деп мақтанды. Дарақы күлкісімен алмақтың салмағы да бар екенін ұмытпаңыз құдағи деп Мәриям апайды тілімен тістеп қойды. Бірақ біздің Мәрияшқа мұның бірі де керек емес еді. Оның бар арманы аялап өсірген періштесінің бақытты болуы, үпілеп өсірген үмітінің үлгілі келін болуы еді. Бұл байлыққа ерімеген Мәриям байсалды үнімен бастысы Азаматым мен Ханшайымның бақыты ғой деп көзіне жас алды. Киіт беру дәстүрі ары қарай жалғасты. Үйдің үлкеніне, ата-әжесіне, ағайынға әкелген тоғыздарын рет-ретімен үлестіріп жатты. Осылайша жөн-жоралғылар жасалып, құдалық та бітуге таяды. Құда жақ келіндерін әкетіп мәз болса, біздер қимастықпен қызымызды ұзатып, көзімізге жас алдық.

Ертеңіне қалай жиналып алдыңыз деп Мәриям апайдың үйіне барғам. Оның мұңайған халі маған ұнамады. Мені көрген ол ауыр күрсініп алды да, жанымдағы жылуым, серігім Ханшайымды бір күн өтпей сағынып отырмын. Шынымды айтсам бақытты байлықпен өлшейтіндермен құда болғаныма өкінетіндеймін. Бұл байлық қызымның бақытына балта шаппаса екен дейді.

Шын мәнісінде, бүгінде киіт беру дәстүрін түрлендіріп, әркім өзінің байлығымен өлшейтін болған. Негізінде киіт – құдалар арасында жасалатын дәстүрлі кәденің бірі. Киіт – бас киіт және аяқ киіт болып бөлінеді. Құдаларды бастап барған үлкен адамға бас киіт беріледі де, қалған құдаларға екінші дәрежедегі (аяқ) киіт беріледі. Киіт келген құданың беделіне, алатын орнына қарай бөлінеді. Мысалы, бұрын құндыз жағалы тон, қасқыр ішік, кілем секілді қымбат бұйымдар, киімдер мен заттар берілген. Ал қазіргі заманда киітті тоғыз затпен өлшейді. Үй тоғыз, ағайын тоғыз, оған қоса дастархан тоғызы тағы бар. Әр сөмкеге тоғыз түрлі мата мен тоғыз түрлі тәтті салынады. Тоғыз нан да беріледі. Оны ағайындар өзара бөлісіп, кей жағдайларда маған дұрысы берілмеді деп реніш те туып жатады. Мұны жасыра алмайтынымыз анық. Ағайындардың арасына жік салғызып, құдалардың сыйластығына сызат түсіретін киіттегі матадан киім тігіп кисе мейлі ғой. Көйлек тұрмақ, шаң сүртуге жарамайтын, тек сандықтың түбінде жатып шіритін маталарды ары апарып, бері әкелгеннің не қажеті бар?! Одан да екі жақ өзара келісіп, мұндай түсініспеушілікке жол бермей, бар жақсыны екі жастың бақытына арнаса. Киітке кететін шығынды жұбайлардың бюджетіне салса деп ойлаймын. Бұл менің өз ойым. Ал оқырмандар бұған қалай қарайды екен?

Ләззат Ахметова,

ERNUR.KZ