​Наурыз мерекесінде СІЗ дәріптейтін ЕКІ дәстүр

0
6 589

Сіз бен біз бастасақ, басқалар қоштайтыны анық...


​Наурыз мерекесінде СІЗ дәріптейтін ЕКІ дәстүр

фото: tolep.kz

Бүгінгі мектеп оқушысынан немесе студенттен, тіпті жұмысты енді ғана бастаған жас қызметкерден наурыз мерекесі жайлы сұрасаңыз, бірден наурыз көжені айтады. «Наурыз мерекесінде наурыз көжені тоя ішеміз», «Наурыз көжені сағындым» деген сияқты жылы сөздерді естиміз. Бірақ наурыз мерекесі наурыз көже ішумен шектелетін мереке еместігін естен шығармайық.


Наурыз мерекесінде қазақтың ұлттық тағамдары - бесбармақ, бауырсақ, майсөк, талқан, наурыз көжемен қатар, басқа да ұлттық тағамдар әзірленеді және ұмыт бола бастаған ойындар дәріптеледі.

Соның көпшілік біле бермейтін екеуіне тоқталып өтсек.


Ұйқыашар


фото: qasym.kz

Бұл арнайы заттардан дайындалатын тағам емес. Оның аты айтып тұрғандай көзі, көңілі ұйқыда жатқандарды ояту үшін «ұйқыашар» деп аталған. Себебі, наурыз мерекесінде қыз-жігіттер бас қосып, мерекені тойлайды. Бәрі өз өнерлерін ортаға салып, жарыс ұйымдастырады. Жігіттер жағы ән салып, би билеп қыздарды тәнті етсе, ал қыздар дәмі тіл үйірер сан түрлі тағамдар әзірлеп, мол дастархан жаяды. Бұл дастарханнан еттен, дәнді-дақылдан, сүт өнімдерінен әзірленген тағамдар орын алады. Мерекелі кеште қыздар ұнатқан жігітіне өзі дайындаған дәмді «ұйқыашардан ауыз тиіңіз» деп ұсынады.


Мұны қазақ халқы сезімге ерік бермейтін қазақ қызына ғана тән қылық деп ұққан. Жалындаған махаббат пен ыстық сезімді үнсіз ғана дәмді асты ұсыну арқылы ұқтырған. Мұны байқаған айбатты жігіттер нәзік жүрекке жол табу қамына кіріскен.

«Ұйқыашар» - сезімдердің тұтануына, махаббаттың жалындауына себеп болатын керемет тағам.


Тағы оқыңыз:

Наурыз көжеге қосылатын МЫНА дәндер ЖЕТІ ауруды емдейді

Белкөтерер

фото: pavlodarnews.kz

Бұл - қазыналы қарттарымызға арнап арнайы дайындалатын дәм. Оған құрамы дәруменге, минералды заттарға бай қазы, сары май, жент, қымыз, ақ ірімшік сынды тағамдар кіреді. Қысқы соғымнан дайындалған қазыны бүлкілдетіп қайнатады немесе өз қолымен сары май пісіп қария көршілеріне береді. Ағзасы да, көңілі де қарттыққа жол берген үлкендер дертінен айығып, қатарымызда қарайып жүрсін деген үмітпен жасалынатын құрмет. Мұндай асты алған қария бата беріп, алғысын жаудырады.

Біле білсеңіз, қазақ халқы ешқашан есігін құлыптап тамақ ішпеген. Қай қазақтың шаңырағына кірсеңіз, төрінде бір қонақ отырғанының куәсі боласыз. Тым құрығанда, көршісін кездестіресіз. Бір асым ет салса да көрші-қолаңды жинап, тамақ жегізген. «Көппен көрген ұлы той» деген қағиданы қатаң ұстанатын қазақ ұрпағына бір тілік нанның өзін бөлісіп жеуді үйреткен. Бұл қасиетті хақ Тағаламыз да қош көрген екен. Соның бір мысалы ретінде аталарымыздың аузынан жеткен мына аңыз әңгімеге назар аударыңыз.


...Ыбырайым пайғамбар ешқашан үйінде тамақты жалғыз ішпейді екен. Бір күні қызы:
– Әке, қашанғы біреуді күтіп отырасыз. Тамақ суып қалды. Іше беріңіз, – дейді. Ыбырайым:
– Қызым, ақиретте көрген қызық, ішкен-жегеннің бәрінің сұрауы бар. Көппен отырып, қонақпен бөліскен тағамның сұрауы болмайды. «Берген аста береке бар, бермеген аста біте бар» деген. Дос болсын, дұшпан болсын, асты бөлісіп же, – деген екен.


Иә, бір асым ет, бір тілік нан бірнеше қазаққа талғажау болғанын тарихтан білеміз. Бауырмалдыққа, мейірімділікке, кішіпейілділікке, жанашырлыққа, кеңпейілділікке үйрететін – Наурыз мерекесі әрбір шаңыраққа кұт-береке, ырыс-несібе әкелсін! Мереке құтты болсын!


Л.АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ.


Оқи отырыңыз:


Сіз «КӨРІСУ» мерекесін ҚАЛАЙ тойлайсыз?


ҚЫЗ туған келіншекке екі ҚОЙ сою керектігін білесіз бе?