СӘБИ СҮЮ үшін МЫНА ЫРЫМДЫ жасап көріңіз

0
15 965

СӘБИ СҮЮ үшін СІЗГЕ керегі ҮШ-АҚ нәрсе...


СӘБИ СҮЮ үшін МЫНА ЫРЫМДЫ жасап көріңіз

фото: all4women.co.za

Перзент – кез келген дертке дауа болатын қасиетті ем. Бұған ешкім қарсы болмайтын шығар. Перзент сүю үшін бар байлықты, денсаулықты, дүниені құрбан етуге дайын адамдар бар. Соның бірі – құдай қосқан көршім.


Олардың көршілерге жасаған «Қоштасу дастарханы» біздің қабырғамызды қайыстырды. Отандасқандарына 10 жылдан асса да Махаббат құрсақ көтермеді. Сәби сүю үшін білікті, тәжірибелі дәрігерлердің қарауында болды. Өз арамызда «қаладағы гинекологтар мен урологтар Омар мен Махаббаттың (ред. есімдері өзгертіліп алынды) жақын туыстары» деп қалжыңдасамыз. Енді олар ұзақ ойлана келе ЭКО жасатуды шешкен екен. Оның қаншалықты қымбат екені айтпаса да түсінікті. Ем үшін қажетті болған қаражатты қарызға алмай, жылы ұяларын сатуды жөн көріпті. Бұл үйді салу үшін қанша жыл еңбек етті. Іргетасын өз күштерімен қалап, қабырғаларын да асарлатып көтерді. Үйдің шатырын жабатын кезде бала-шағамызбен білек түріп кіріскенбіз. Қаншалықты қызық пен қуанышқа куә болған шаңырақты біз де өзгеге қимаймыз. Бірақ амал жоқ. Перзент сүю үшін жасаған ауыр қадамдарына қайырлы болсын деп дұға- ниетімізді білдірдік.

фото: ncvalues.org


Бойымды билеген қимастық, көзіме тығылған жас оларды райынан қайтара алмайтынын білемін. Бірақ медицина дамымай тұрған шақта құрсақ көтермей жүрген апаларымыз қандай әдістерді жасаған екен? Мүмкін пайдалы, нәтижелі қандай да бір ырымы, сенімі болу керек қой деген ой маза бермеді. Сосын бұрынғыны, бүгінгіні, болашақты алдыңа алып келетін ғаламтор бетін аштым. Іздегенімді тапқандаймын. Егер осы ЫРЫМДАРДЫҢ біреуі құрбыма көмектесіп, Алланың қалауымен ҚҰРСАҚ КӨТЕРІП жатса қуанышымда шек болмаушы еді.


Тапқанымның бәрін қағаз бетіне түсіріп, Махаббатқа ұсындым. Осы ырым-сенімді жүзеге асыру үшін бір елі де жанынан қалмауға бел будым. Құрбымның айтуына қарағанда бала асырап алуға мүмкіндігі бар. Бірақ үлкендер табан тіреп, қарсылық танытуда. Өз қандарынан болмаған баланы қабылдай алмайтын қатаң заңдары да жоқ емес екен.


«Пендешілікпен артық кетіп жатқан шығармыз. ЭКО жасату – Жаратушыға қарсы шығу ма, кім білсін?! Бірақ амалсыздан жасаған қадам болып тұр. Омар екеуміз бала асырап алайық деп қанша оқталдық. Үлкендер келіспей, ақ батасын ала алмай жігеріміз құм болған кездер де өтті. Тіпті, ажырасу тақырыбын да өз арамызда қозғадық. Таңға дейін көз ілмей, жылап шығатыныма сансыз түндер куә. Осы кезде жаныма жалау болып, қайғымды жеңілдететін, жүрегімді жылытатын, үмітімді оятатын жолдасым болды. ЭКО – соңғы үмітім.


Ал мына ырымдарға үміт артып, жарамды жаралап аламын ба деп қорқамын. Сенің соншалықты тыраштанғаныңды елеусіз қалдырғым да келмейді. Бірақ ЭКО-ны жазғы еңбек демалысымызда жасатамыз деп жоспарлап отырмыз. Оған дейін бұл ырымдарды жасап көрейік. Алланың рақымы оянып, құрсақ көтеріп жатсам нұр үстіне нұр болатын еді, деген құрбым көзінің жасына ерік берді.

фото: azurewebsites.net


Сонымен, алғашқы қадамымызды Алланың үйі, яғни мешіттен бастадық. Дұға-ниетін жасап, Алладан тура жолдан адастырмауын тіледік. Мұқтаж жандарға садақа үлестірдік. Мешіт әкімшілігіне 1-2 жағдайы төмен отбасы үшін азық-түліктер, киім-кешектер мен ойыншықтар беріп, аманатымызды жеткізуімізді өтіндік. Бұл кезде көршілер де қарап қалмады.


Әсіресе, 80-нен асқан Мәриям әжей шаңырағында ілулі тұрған қасиетті бесігін әкеліп, Махаббатың үйінің төріне қойды. Бұл көрініс құрбыма күш беріп, үмітіне от жақты. Өздеріңіз де білесіздер бесік қасиетті зат. Оны лақтырып тастауға, сындыруға, өртеуге болмайды. Бесік ұрпақ жалғастырушы құрал болып табылады. Төрінде бесік ілулі тұрған шаңырақтан бақ-береке, бірлік пен татулық алыстамайды.


Ал 10 баланы өмірге әкелген алтын алқа иесі Асыл апай: «Менің жолымды берсін. Сен де алтын асықтай ұл мен қызғалдақтай қыздардың ардақты анасы бол!" деп ырымдап іш киімі мен немерелерінің киген ит көйлегін берді. Қазақ халқында перзентке зар болып жүрген әйел жас сәбидің ит көйлегін ырымдап алса, сәбилі болады деген сенім бар екен.


Сонан соң ауладағы бала туған әйелдердің бәрі сапқа тұрып, Махаббатты астыларынан өткізді. Мұның бәрін сырттай бақылап тұру әрине күлкілі. Бірақ сәби сүю арманына байланған кезде қуана-қуана жасайды екенсің.


Жасаған игі істерді жарияламайды дейді ғой, бірақ менің құрбыммен тағдырлас болып жүргендер болса, біле жүрсін. Аз болса да септігі тисін. Мүмкін оның жасаған қадамы да құт болып, құрсақ көтеріп қалар. Сәбилі болып, ана бақытын сезінер. Бәрі де Жаратушының жарылқауымен болады. Десек те, сенімді, сабырды жоғалтып алмайық!


Жазып алған - Асыл АРМАН,

ERNUR.KZ


Оқи отырыңыз:


СӘБИ сүйген АНАҒА мына ҮШ ЗАТТЫ міндетті түрде БЕРІҢІЗ

ҰЗАТЫЛАТЫН ҚЫЗ сіңлісіне ОРАМАЛ СЫЙЛАУЫ тиіс пе?