​СӘБИіңіздің «ТІКЕНі» бар болса текті бала деп санаңыз

0
11 737

Мұндай баланың меселін қайтаруға болмайды.


​СӘБИіңіздің «ТІКЕНі» бар болса текті бала деп санаңыз

Қазақта нәресте туылғаннан емес, тіпті, құрсаққа біткеннен бастап жасалатын салт-дәстүрлер, ырым-тыйымдар өте көп. «Тал бесіктен жер бесікке» дейінгі аралықта адам өмір бойы тәрбиемен, жамандықтан сақтандырып, жақсылыққа ұмтылдыратын түрлі тәрбие көздері бар. Салт-дәстүрдің де қай-қайсысын алып қарасақ та, ғибратқа, мазмұнға, мән-мағынаға ие.

Кейде өзіміз таңырқап қарайтын, дегенмен, бұл бұрыннан бар, ата-бабамыз қолданған салт екенін білгенде олардың даналығына, көрегендігіне бас иеміз. Себебі, шынында да олардың білгенін бүгінгідей дамыған заманда білмегенімізге ұялып та қалатын шақтар кездесіп тұрады.

Мысалы, бала дүниеге келген алғашқы сәттерде ерекше күтім жасап, қырық күн өбектеп, қырық күн абайлап, күнделікті шомылдырып, сылап-сипап майлағанда, «арқасында тікенегі бар, жауырыны жабысып қалыпты» дегенді естіген шығарсыздар?


Кейбір бала дүние есігін ашқанда тікенегімен туылады. Мұны медицинада «лануга» дейді. Нәресте құрсақтың ішінде жатқанда-ақ өсетін түгі болады. Тікенек дегеніміз сол түк. Балаға массаж жасағанда арқасынан тікенек секілді қап-қатты қолға сезіліп, шыға бастайды.

Мұның себебін де аналарымыз «әйел жүкті кезінде итке немесе мысыққа кет деп жекіріп, аяғымен тепсе іштегі баласына «мысықтікен» немесе «иттікен» шығады» деп санаған.

Әйелдің жүктілігі кезінде айтылатын тыйымдар осындай қолайсыздықтардың алдын алу болса керек. Жүкті келіншекті көпшіліктің назарынан аулақ болу үшін кең киімдер кигізіп, адам көп жүретін жерлерге де мүмкіндігінше жібермеуге тырысқан. Өйткені, көпшіліктің ішінде теріс энергиясы бар адам кездесуі де мүмкін. Ол жүкті келіншекке әсер етсе, іштегі балаға да міндетті түрде теріс әсері болады.


Бала өмірге келгеннен кейін де мазасыз, жылауық болмауы үшін, әйелді жүкті кезінде көңіл-күйін бақылап, тәбеті тартқан тамақты тауып беруге тырысқан. Барлық нәрсені мөлшерімен ғана берген.


Мысалы, «жүкті әйел сағыз шайнамайды. Баласы бос-болбыр, сағыздай созылып жүретін болады» дейді. «Балықты да мөлшерінен көп жесе, баласының аузы балық секілді болады немесе тілі шықпай қалады» деп сенген. Сол секілді, пістені көп шаққан жүкті келіншек босанғанда арқасында тікені бар бала туылады деп санайды. Ал, тікені бар баланың ұйқысы нашар, қолда-аяққа тұрмай жылайтын болады. Арқасына батқан тікенектен кіп-кішкентай нәресте қалай тыныш ұйықтасын?!


Бірақ соған қарамастан, ел ішінде «тікенегі бар бала текті бала» деп санайтындар да бар. Жас ананы жұбату үшін айтылатын шығар, әлде шындығы сол ма?! Мазасыз баланы өсіріп, тәй-тәй басып жүргенше ананың еңбегі орасан зор. Анаға қолдау болсын деп айтылғанымен, шынында да кішкенатайында тынбай жылайтын, мазасыз балалардың кейін өскенде ата-анасына қамқоршы болады деседі. «Көп жылаған баланың көзі қап-қара болады» деген сенім де ананың өзін-өзі жұбатуы, баласының көркем болуын қалағандықтан айтылатын сөзі.

Қазақ тікенек текті балаға шығады деп санаған. Ол көбінесе, арқада, аяқта, құйрық тұсы мен қолында болады.

Мұндай баланың «қолын қақпа, аяғынан шалпа, арқасынан соқпа» деген ырымы бар. Мұндай баланың меселін қайтаруға болмайды. Оны қолдап-қуаттап отырсаңыз, елі үшін еңбек ететін азамат болады деп жоритын болған.

Тікенек көбінесе ұл балаларда жиі кездесетін болғандықтан, осындай сенім бар.

НҰР Әлем,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


ІЛУ САЛУ салты қай кезде орындалады


Көршімен АҒАЙЫНДАЙ араласқыңыз келсе, "КӨЖЕ" дәстүрін орындаңыз