Денедегі майды көк шай тез ерітеді

0
35 114

Ғалымдардың зерттеуіне сенер болсақ, көк шайды күніне 3-4 рет ішкен жағдайда еріген майдың көлемі 45 пайызға артатын көрінеді.


Денедегі майды көк шай тез ерітеді

фото: ecoliga.ua

Иә, көк шай артық майды тез ерітетін қасиетке ие. Арықтауға көп көмегі тиеді. Әрине, тек көк шай ішіп артық салмақтан арыламын деу өте қате пікір. Мұндай жағдайда кез келген адам денсаулығын бұзып, тіпті, төсек тартып жатып қалуы да ғажап емес. Сондықтан да бүгін біз көк шаймен қалай арықтауға болады, ас мәзіріне қандай тағамдарды қосқан дұрыс және тағы басқа сұрақтарға жауап іздейтін боламыз.

Көк шай өте пайдалы сусындардың бірі. Егер көк шайды қантсыз ішіп, кеңестерімізді бұлжытпай орындайтын болсаңыз 4 апта ішінде 5-6 келіден арылуға болады. Бұл сіз ойлағандай керемет нәтиже болмауы да мүмкін. Бірақ, сіз көк шай арқылы денсаулығыңызға ешбір зиянын тигізбей салмақ тастауға қол жеткізесіз. Себебі көк шай тек диета жағдайында ғана емес, денсаулыққа да тигізер пайдасы мол екен.

Шайдың бұл түрі антиоксидантқа бай. Қартаюды тежеп, артериялық қан қысымын қалыпқа келтіреді. Ағзадан токсиндерді, тұздарды шығарып, қабынудың алдын алады. Сонымен қатар, үнемі көк шайды ішіп жүрген жағдайда қан тамырлары нығайып, тазара түседі екен.

фото: .lady-grace.com.ua

Көк шайдың арықтауға әсері қандай?

Көк шай зат алмасуды жақсартып қана қоймайды, оның басқа да пайдалы қасиеттері көпшілікке таныс. Мысалы, көк шай несеп айдайды, сол арқылы ағзадағы артық сұйықтықтарды сыртқа шығаруға қауқарлы. Көк шайға майсыз сүт қатып ішетін болса, несеп айдайтын қуаты арта түседі. Сондай-ақ, аяқтың ісінуінің алдын алып, ағзадағы жылу алмасу жүйесін жақсартады.

Ғалымдардың зерттеуіне сенер болсақ, көк шайды күніне 3-4 рет ішкен жағдайда еріген майдың көлемі 45 пайызға артатын көрінеді. Бұдан бөлек, қандағы қант мөлшері азайып, тамақтың қорытылуын жылдамдата түседі. Ол үшін тамақтанудан жарты сағат алдын бір шыны көк шай ішіп алған жеткілікті. Сонда күндегіге қарағанда азырақ тамақтанатын боласыз.

Көк шай арқылы арықтағыңыз келсе, мынадай шарттарды орындауға да тура келеді:

  • Шайды қантсыз ішу керек. Тіпті, қант алмастырғышты да пайдалануға болмайды. Демделген көк шайдың дәмін кіргізгіңіз келсе, бір тілім лимон, жалбыз немесе кептірілген жидектер салып ішу ұсынылады. Сондай-ақ, арықтауды жылдамдату мақсатында шайға даршын немесе кептірілген зімбір қосыңыз. Бұл қоспалар тағамның құнарлылығын азайтады.
  • Көк шайды салқындатып ішкен де пайдалы. Өйткені ағза салқын шайды жылыту үшін де энергия жұмсайды. Мұндайда сіз тағы 50 калория жоғалта аласыз. Күні бойы көк шай ішуден жалықпаңыз. Көк шайдың мүлде құнарлылығы жоқ. Сондықтан да оны шөл қысқан сайын іше беріңіз. Алайда көк шайды ұйқыға жатардан алдын ішпеген дұрыс. Қарынның ашқаны сезілетін болса, бір алма немесе қияр жеген дұрыс.

Көк шайды қалай демдейді?

Шайдың пайдалы құрамын сақтап қалу үшін оны дұрыс демдеуді үйреніңіз. Мұнда су мен оның температурасы маңызды рөл ойнайды. Көк шайды демдеу үшін тазартылған суды пайдалануға тырысыңыз. Әйтпесе сусынның хош иісі де, дәмі де бұзылады. Сондықтан да көк шайды демдеуге фильтрленген таза суды пайдаланған дұрыс. Ал, судың температурасы 80 градустан аспауы қажет. Бұлай болмаған жағдайда көк шайдың ешбір пайдасы болмайды. Су қайнағаннан кейін 3-4 минут суытыңыз да, содан кейін ғана шайды демдеуге кірісіңіз. Үш минуттан соң демделген шайды іше беруге болады.

фото: med-zhur.ru

Көк шайды кімдерге ішуге болмайды?

Жалпы көк шайды барлық адамдарға ішу ұсынылмайды. Өйткені кейбір жағдайларда денсаулыққа кері әсері тиюі мүмкін. Әсіресе тахикардия мен ұйқысыздық мазалағанда көк шайдың пайдасы болмайды. Керісінше адамның қан қысымын түсіріп, талдыруға дейін жеткізуі ғажап емес. Сонымен бірге, асқазан мен он екі елі ішек жарасы ауруларында да көк шай зиянды болуы мүмкін. Бұдан бөлек, асқазан сөлінің қышқылдылығы артқанда, атеросклерозбен ауырғанда, жүктілік кезеңінде бұл шайды ішпеген жөн. Егер аяғы ауыр әйелдер көк шайды ішетін болса, артериялық қан қысымы артып, бұлшықет тонусы көтеріледі, жүректің жиырылуы жиілейді. Ал, емізулі аналар түнгі ұйқысын төрт бөлгісі келмесе кешкілік уақытта көк шай ішпегені дұрыс. Себебі, ол ана сүтін азайтады.

Көк шайдың қаншалықты пайдалы әрі зиянды екенін біршама қамтып өттік. Ең маңыздысы диета болғандықтан да, көк шай диетасын ұсынып отырмыз. Көк шай ішіп арықтауға қол жеткізіңіздер!

Көк шай диетасы


фото: secrets-of-women.ru

Дүйсенбі

Таңғы ас: 1 шыны көк шай, бір шай қасық қаймақ немесе йогурт салынғанмайсыз сүзбе.

Екінші таңғы ас: 1 шыны шай, қайнатылған жұмыртқа.

Түскі ас: Етпен қырыққабат бұқтырмасы, бір тілім қара нан, 1 шыны шай.

Бесін ас: 1 шыны көк шай мен крекер.

Кешкі ас: 1 шыны көк шай, көкөніс салаты, сыр қосылған азырақ макарон.

Сейсенбі

Таңғы ас: 1 шыны көк шай, 1-2 құймақ.

Екінші таңғы ас: йогурт.

Түскі ас: Бірнеше қайнатылған картоп пен бір тілім қара нан, тартылған еттен дайындалған сорпа, 1 шыны шай.

Бесін ас: Кептірілген жемістер мен көк шай.

Кешкі ас: 1 шыны көк шай мен көкөніс салаты, қарақұмық ботқасы қайнатылған балықпен бірге.

Сәрсенбі

Таңғы ас: 1 шыны көк шай, сыр қосылған бутерброд.

Екінші таңғы ас: көкшай, қайнатылған күріш.

Түскі ас: Ет пен көкөністер бұқтырмасы, бір тілім қара нан, көкөніс сорпасы мен көк шай.

Бесін ас: 1 шыны көк шай мен крекер.

Кешкі ас: көк шай, бір тілім нан, қайнатылған гүлді қырыққабат пен буға піскен тауық еті.

Бейсенбі

Таңғы ас: көк шай, қайнатылған жұмыртқа.

Екінші таңғы ас: 1 шыны көк шай мен йогурт қосылған жеміс салаты.

Түскі ас: көк шай, буға піскен саңырауқұлақ пен картоп, рассольник.

Бесін ас: көк шай мен жемістер.

Кешкі ас: Кеспе мен ет қосылған тағам, көкөніс салаты, көк шай.

Жұма

Таңғы ас: 1 шыны көк шай, сүзбелі құймақ (сырник).

Екінші таңғы ас: сыр қосылған крекер, көк шай.

Түскі ас: көк шай, буға піскен балық пен борщ тағамы.

Бесін ас: Кептірілген жемістер мен көк шай.

Кешкі ас: Көк шай, көкөніс пісірмесі.

Сенбі

Таңғы ас: 1 шыны көк шай мен сүзбе.

Екінші таңғы ас: көк шай, сыр қосылған бутерброд.

Түскі ас: көк шай, қарақұмық ботқасы, дәнді-дақылдар қосылған сорпа.

Бесін ас: печенье мен көк шай.

Кешкі ас: көк шай, картоп пісірмесі, көкөніс салаты.

Жексенбі

Таңғы ас: құймақ пен көк шай.

Екінші таңғы ас: шай, сұлы ботқасы

Түскі ас: 1 шыны шай, буға пісірілген балық, көкөніс салаты, тауық сорпасы.

Бесін ас: көк шай мен жеміс салаты.

Кешкі ас: көкөніс салаты, сыр қосылған макарон, 1 шыны көк шай.

Дайындаған: Қ.Әти,

ERNUR.KZ