​Қыста көп тамақ жеудің 5 СЫРЫ

0
5 312

Неліктен қыста адам ағзасы үнемі тамақ жегенді қалап тұрады? Жай ғана тағамды емес, құнарлы, дәмді, ыстық тамақты аңсайды. Мұның сыры неде?


​Қыста көп тамақ жеудің 5 СЫРЫ

Адам жаураған сайын бойын жылыту үшін тамақ жеуге құмартып тұрады екен. Осындай жағдайда не істеуге болатынын білгіңіз келсе мақаланы соңына дейін оқыңыз.


Мезгілдік депрессия

Д дәруменінің жеткіліксіздігінен адамдар қыс мезгілінде көңілсіз жүреді екен. Аталмыш дәруменді күн сәулесі арқылы бойымызға сіңіреміз. Д дәрумені қуаныш гормоны – серотониннің ағзаға енуіне көмектеседі. Осындай қуаныш гормонының белсенді болуына атсалысатын дәрумен жеткіліксіздігі орын алғанда оның орнын стресс гормоны - кортизол басады. Бұл жағдайға күнделікті шығып жатқан жағымсыз жаңалықтар, туған-туыстың ұрыс-керісі де қосылары сөзсіз. Ал, бұл көрініс миға әсер етіп, онда үнемі қауіптің боларын және де энергияның сарқылып жатқанын сездіреді. Алайда ми серотонин гормонын тамақтан алу керектігін «біледі». Сондықтан да қуаныш гормонының орнын толтыру үшін көбірек тамақ жеуге итермелейді. Осылайша семіздікке бейім жандар стресті тамақтанумен жеңетін көрінеді.

Не істеу керек?

Мұндайда триптофан деп аталатын амин қышқылы қажет болады. Ал, оны астық өнімдерінен, жаңғақтар мен жұмыртқадан, тауық еті, ірімшік, үндік етінен ала аласыз. Осы ретте көмірсуға бай тағамдардан барынша бас тартып, глюкозаны жеміс-жидектерден, көкөністерден қабылдауға тырысыңыз. Сонымен қатар, серотонинді көңілді достар, серуендеу, спортпен шұғылдану арқылы байытуға мүмкіндік бар.


Ағза сусызданады

Күн суық болғандықтан да қыста көп су іше бермейміз. Дегенмен, адам оны сезінбесе де ағза сұйықтықты қажетсінеді. Осылайша ағзаның сусыздануынан адам оның орнын толтырамын деп көп тамақ жеп қояды екен.

Не істеу керек?

Егер тамақтанғыңыз келсе, алдымен қарныңыздың ашқан-ашпағанын 1 стақан су ішу арқылы тексеріп көріңіз. Сөйтіп 10 минуттай күтіңіз. Сол кезде ағзаға не қажет болғанын сезінуіңіз мүмкін. Ағзаның құрғағанын қаламасаңыз, үнемі су ішуді тоқтатпай, әдетіңізге айналдырыңыз.


Зат алмасу баяулайды

Адам ағзасында қыс мезгілінде зат алмасу жүйесі баяу жұмыс істейді. Себебі суық күнге қандай да бір «қор» жинауы керек. Ағза суықта тоңып, әлсіреп қалудан сақтанып, май қабаттарын жинай бастайды. Сол себепті де қыста өз-өзіңізді қинап диетаға отырудың қажеті жоқ. Қыс ауасы болғандықтан ағза майларды жүйелі түрде айдап шыға алмайды.

Не істеу керек?

Күніне кем дегенде аз-аздан 5 рет тамақтаныңыз. Көбірек қимылдауға, жаяу жүруге тырысыңыз. Тамақтану рационыңызға зат алмасуды жылдамдататын тағамдарды қосыңыз. Сондай-ақ, қыстық спорт түрлерімен шұғылданып, сымбатыңызды арттыра түсіңіз.


Энергия азаяды

Жаз мезгіліне қарағанда қыста денені жылыту үшін көп энергия қажет екенін білетін боларсыз? Егер сіз жаурасаңыз, бірден қарныңыз аша бастайды. Күн суық болғандықтан да далаға шығып серуендеуді қаламайсыз. Оның орнына ыстық шай мен тәтті жеп үйде отырған қандай рахат?!

Не істеу керек?

Бұл тығырықтан қалай шығамыз? Ең алдымен жаурамаудың амалын жасаңыз. Сән қуып, жеңіл киінбеңіз. Үнемі жылы киімдеріңізді киіп, тоңып қалмауға тырысу керек. Егер шалбардың ішінен калготки кигіңіз келмесе, ішінде жылуы бар қалың шалбар киюге болады. Үйдің де, жұмыс орныңыздың ды жылы болғаны дұрыс. Салқындықты сезінсеңіз, жаттығумен, түрлі шынығулармен бойыңызды жылытып алыңыз. Таңертең міндетті түрде таңғы жаттығу жасаңыз.


Күн қысқарады

Қыста күн қысқарып, түн ұзаратыны белгілі. Таңертең ерте оянсаңыз айналаның бәрі қап-қараңғы боп тұрады. Ал, жазда күннің көзі таңғы алтыдан көрінеді. Мұның барлығы да ұйқының бұзылуына әкеп соқтырады екен. Ал, түнгі ұйқы қашқан жағдайда адам тамаққа бас салары сөзсіз.

Не істеу керек?

Үйдегі барлық жарықты жағып қойыңыз. Сондай-ақ, күн жарықта ең аз дегенде бір сағатыңызды серуендеумен өткізіңіз. Ал, түнге қарай керісінше жарықтың бәрін сөндіріп, тіпті, шырағданды да жақпаңыз. Сонда тыныш ұйықтайтын боласыз. Егер ұйқыңыз қанбайтын болса, күйзеліске бой алдырып, тәбетіңізді ашып алуыңыз ғажап емес. Сондықтан да көп ұйықтау керектігін ұмытпаңыз!

Дайындаған: Майра Сейфуллина,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


7 күнде ЖАСАРЫП әрі СМІЗДІКТЕН арылуға болады


Кешкі сағат АЛТЫДАН кейін АЛМА жеуге болмайды


БҰЛ тағамдарды жесеңіз, мүлде салмақ қоспайсыз!