​Артық салмақ балаларға өте қауіпті

0
3 365

Артық салмақтан тек ересектер ғана емес, қазіргі таңда балалар да зардап шегіп келеді.


​Артық салмақ балаларға өте қауіпті

фото: pic1.dbw.cn

Артық салмақтан тек ересектер ғана емес, қазіргі таңда балалар да зардап шегіп келеді. Ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, семіздікке бой алдыратын балалар көбіне аз қимылдағаннан осындай күйге душар болады екен. Ал, бұл мәселеден арылу үшін оларға тек спорт көмектеседі. Балаларға физикалық жаттығуларды жасау соншалықты қиындық тудырмайды. Олар ойнап жүріп-ақ барлық жаттығуды орындап тастайды. Тек спорттан нәтиже шығу үшін әр баланың мінезіне, дамуына қарай спорт түрін де дұрыс таңдау керек.

фото: saratov.1gs.ru

Ең алдымен ата-ана өз арманын жүзеге асыруды емес, баласының болашағын ойлағаны маңызды. Әйтпесе көп әке-шеше осы ретте қателікке бой алдырып жатады. Спортты таңдауда қателеспес үшін, мына нәрселерге назар аударыңыз:

Баланың физикалық жағдайы – спорт түрін таңдаудағы ең маңызды параметрлердің бірі. Мысалы, балаңыз момын әрі жуас болса, мұндай жеткіншектен футболшы шығуы екіталай.

Балаға не ұнайды? Сіз ер балаңыздың бимен шұғылданғанын, ал қызыңыздың каратэге қатысқанын қаламайсыз. Сіздікі дұрыс та шығар. Ал, бірақ кей жағдайларда бәрі де керісінше болуы ғажап емес. Барлығы да баланың қалауына байланысты.

Мінез-құлық. Ұялшақ балалар командалық ойындарды ұнатпайды. Олар мұндай орталарда өзін еркін ұстай алмайды. Мұндай балаларға гимнастикамен айналысқан дұрыс.

Спорт алаңының үйге жақын болғаны дұрыс. Егер сіз тым алыста орналасқан спорт алаңын таңдайтын болсаңыз, ол жаққа барып келгенше балаңыз шаршап, келесі жолы спортпен шұғылдануға ынтасы болмай қалады. Ал, қаншама уақыт бойы сіз балаңызды алыс жерде орналасқан алаңға апарып, алып қайтуға уақыт таппайсыз. Сондықтан да спорт кешенінің үйге жақын оналасқаны да дұрыс.

Жаттықтырушыны таңдау. Көпшілік арасында жаттықтырушының қатал болғаны дұрыс деген пісір бар. Бірақ та бұл барлық кезде дұрыс саналмайды. Кей кезде балаға қаталдық емес, адами қарым-қатынас керек болады. Егер бала томпақ, өзәне сенімсіз болса, қаталдықты, ол басқаша түсініп қалуы мүмкін. Сол себепті де мұндайда тым қатал емес, тәжірибелі маманды таңдауға кеңес береміз.

Томпақ балаларға арналған спорт түрлері

Ауыр салмақтағы балаларға көбіне белсенді спорт түрлерін таңдап жатады. Алайда мұндай спортпен шұғылдануға балалар қиналады. Оның үстіне жылдам қимылдағандықтан жүрек пен буындарға күш түсіп, томпақ балалар қиналатын болады. Осыны естен шығармаңыздар!

Мұндай балаларды белсенді спорт түрлеріне емес, дзюдо, тэйквандо, каратэ сиықты жауынгерлік өнерге үйреткен дұрыс. Тек балаға бұл жаттығулардың фильмдегіден айырмашылығы бар екенін, соншалықты қорқынышты спорт еместігін түсіндіріп жіберу керек.

фото: equestrian.ru

Бұдан бөлек – атбегілік спорт бар. Бұл спорт қыздарға да, ұлдарға да жарайды. Мұнда балалар арқаны тік ұстауды үйреніп, бұлшықеттері жақсы жұмыс істейтін болады. Атбегілікпен айналысудың бір минусы – қымбаттылығында. Сонымен қатар, бұл спорт түрімен айналысуға болатын ипподромдар барлық өңірлерде бар деп айта алмаймыз.

Қазіргі кезде йога сәнге айналды. Тіпті, барлық спорттық клубтарда мұндай үйірме бар. Йога жаттығулары стрестен арылтып, бұлшықеттерді нығайтады әрі иілгіштікті арттырады. Жүгіруді ұнатпайтын жеткіншекке бұл таптырмас спорт түрі болмақ.

Ал, қыздарға ең дұрысы гимнастикамен, мәнерлеп сырғанаумен айналысқан дұрыс. Сонда олардың дене-бітімінде еш мін болмайды.

фото: nii-evrika.ru

Жүзудің пайдалы спорт екенін білетін боларсыздар. Жүзу әсіресе артық салмақтағы балаларға көп көмегін тигізеді. Бірақ 7 жасқа дейінгі балаларды спорттың бұл түріне ажудың қажеті жоқ. Себебі тым кішкентай болғандықтан да олар бапкердің тапсырмаларын дұрыс орындай алмайды. Жүзу спортына қатысқан баланың жүрек-қан тамыр жүйесі жақсы жұмыс істейді, дененің ассиметриялық үйлесімділігі артады.

Жалпы, жасқа болсын, ересекке болсын спортпен айналысу барлық жағынан өте пайдалы. Дегенмен, артық салмақтан арылу үшін тек физикалық жаттығулар ғана емес, дұрыс тамақтануды да қолға алу керек. Тіпті, мұндай балаларды психологқа апарғанда артықтық етпейді. Сондықтан да балаңыз достарынан, айналасындағылардан жасқанып, семіздіктен қысылмау үшін арықтау қажет екенін естен шығармаңыз!

Қ.Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ