ФИТНЕС-ТУР: ​Жазғы демалысты САЯХАТТАП әрі ЖАТТЫҒУ жасап өткізіңіз

0
2 451

Фитнес-тур – демалыстың жаңаша бағыты.


ФИТНЕС-ТУР: ​Жазғы демалысты САЯХАТТАП әрі ЖАТТЫҒУ жасап өткізіңіз

фото: kuredu.com

Жаз келді, жазбен бірге демалатын кез келді. Кейбіріңіз шетел асуды жоспарлап отырсыз, енді біріңіз еліміздегі көрікті жерлерге аттануды армандайсыз. Иә, қай жерде болмасын демалу бізге керемет көңіл күй сыйлайды әрі күнделікті күйбең тіршілікті біршама уақытқа ұмытуға мүмкіндік береді. Сіз жаттығу жасағанды ұнатсаңыз, саяхаттау кезінде спортты да қатар алып жүруге болады. Бұл қалай дейсіз бе? Егер демалуды жоспарласаңыз жай турды емес, арнайы фитнес-турды таңдаңыз. Фитнес-тур арқылы денсаулығыңызды нығайтып, артық салмақтан арылып әрі әлемді аралап, саяхаттауға болады.


Фитнес-тур дегеніміз не?

фото: mobillegends.net

Фитнес-тур – демалыстың жаңаша бағыты. Мұндай турлар жағажай, ерекше әрі қызықты жерлерді саяхаттаумен қоса жаттығу жасауды біріктіреді. Бір топта 15-20 адам болады, ал олармен тәжірибелі бір немесе екі жаттықтырушы, диетолог пен психолог, дәрігер бірге жүреді. Жаттығулар күніне бірнеше рет жасалады және әртүрлі бағыттарды қамтиды. Жаттығу бағдарламасына міндетті түрде мына спорт түрлері кіреді: жүгіру, бодифлекс (дұрыс тыныс алу жаттығуы), стретчинг, йога, би, кейде жағажай футболы және волейболы.

Мәселен, турист таңертең жүгіруге барады, түстен кейін күш жаттығуларына барады, кешке йогамен айналысады. Ешкім артық жасап шаршамауы үшін физикалық жаттығулар жоспарланған. Іс-әрекет белсенділігі (жаттығулар) демалыспен (массаж және спа-процедура) кезектесіп отырады. Бір спорт түрінен не фитнес бағытында жетістікке жетуге арналған басқа бағдарламалар да бар: жекпе-жек өнері, альпинизм, аквааэробика, акробатика және күш жаттығулары.

Бұған спортшылар оқу-жаттығу жиыны деп аталатын жерге баратын триатлон жарыстарына дайындық та кіреді.

Туристке арналған арнайы диета да жақсы нәтижеге жетуге ықпал етеді. Сонымен бірге жаттығудың нәтижелі болуына ғажайып табиғаттың да әсері мол дейді мамандар. Расында да, мұхит жағалауында жүгіру, тропикалық орман ішінде йогамен айналысу, таудың шыңына шығу қарпайым залда жаттыққаннан әлдеқайда көңілді емес пе?

Фитнес-турлардың қарапайым турлардан айырмашылығы – физикалық және рухани дамуға баса назар аударады. Кейбір жаттығу түрлерін (мысалы, йоганың қиын асаналарын) жеке орындай алмайсың. Оны топ болып орандағанда нәтиже күшті болады дейді мамандар. Дәл осындай жаттығулар фитнес-турларда белсенді қолданылады. Өзіңіздің физикалық қуатыңызды арттырып қоймай, жаныңыздағы адамдарға да көмектесе аласыз. Бұл сізді ынталандыратыны анық.


Фитнес-турға кімдер бара алады?

фото: alfatrip.ru

Кез келген адам фитнес-турға қатыса алады. Тур бағдарламасы жаттығулардың қиындығына қарай бөлінеді, бірақ қандай да бір физикалық дайындықты қажет етпейді. Нағыз спортшылар кроссфит секілді қиын жаттығуларды, ал енді ғана фитнеспен айналыса бастаған жандар йогадан бастайды.

Негізінде фитнес-турға қатысатындардың жасы 28-ден жоғары, кейде 20 жастағы студенттер де ниет білдіріп жатады дейді мамандар. Егер туристердің кішкентай балалары болса, арнайы мамандар жаттығу кезінде оларға қарап отырады.

Бейтаныс орта, бөтен елге тап болған туристерді ортақ мақсат біріктіреді. Діттеген мақсатқа өзіңіз секілді жандармен бірге жүрсеңіз оңай жетесіз.

Барлық турдың бағдарламасында кешке алау жағып, немесе керемет кешкі ас ішіп, әңгіме-дүкен құру бар. Мұндай кездесуден соң адамдарды бір-бірімен достасып кетуі де ғажап емес.


Фитнес-турдың қандай пайдасы бар?

Танымал қазақстандық фитнес-жаттықтырушылар фитнес-турға қатысқан жандар жаңа дағды қалыптастырып, төзімділігін арттырып, шыдамдылығын шыңдайтынын айтады. Дегенмен мұндай турларға жазылмас бұрын дәрігермен кеңесіп алғанды (әсіресе созылмалы ауры бар адамдар) жөн санайды. Сонымен бірге саяхаттауға және спорттық бейімділігіңізге байланысты сапарды алдын ала жоспарлауға кеңес береді. Сондай-ақ, мамандар жаңадан бастағандарға кім жаттықтыратыны туралы алдын ала білуге кеңес берді.

Сондай-ақ олар мынадай кеңес береді:

  • пакетте медициналық және спорттық сақтандырудың бар-жоғын білу;
  • медициналық тексеруден өту. Сіз климат пен уақыт белдеуі ағзаңызға қалай әсер ететінін түсінуіңіз керек. Жылы елдерге келген адамдар аллергиясының күшейгенін бірден сезінеді. Егер сізде осы елде болуға рұқсат беретін медициналық анықтамаңыз болса, сіз өзіңізді жайлы сезінесіз;
  • спорттық диетаға байланысты ұсынылған мәзірді зерттеңіз.


Дұрыс тамақтану маңызды!

Көптеген адамдар артық салмақтан арылу мақсатында фитнес-турларға жазылады. Бірақ дұрыс тамақтанбасаңыз арықтау, денсаулығыңызды жақсарту жайлы ойлаудың өзі артық.Сондықтан да фитнес-турларда міндетті түрде диетолог-нутрициолог жұмыс жасайды. Ол ғылымға негізделген әдіс-тәсілдермен әр қатысушыға жеке-дара тамақтану рационын дайындайды.


Қазақстандықтар қайда бара алады?

фото: anyclass.com

Қазақстандықтар тек отандық тур компаниялары ұйымдастырған турларға ғана емес, ресейлік туристік компаниялар ұйымдастыратын турларға да бара алады. Фитнес-тур сияқты бағыт көрші елде жақсы дамыған, ұсыныстар көп, сондықтан әркім өзіне ұнағанын таңдауына болады.

Көптеген компаниялар сыртқы қызметтің бұл түрі әртүрлі қалалар мен елдерден адамдарды тартады деп есептей отырып, веб-сайтта көрсетілген тур бағасына рейстерді, сақтандыру төлемін, визаны және ПТР сынағын қоспайды. Яғни, фитнес-турға шыққысы келетіндер әлемнің кез келген нүктесінен, оның ішінде Қазақстаннан да өздігінен ұша алады.

Әдетте, сол бағаға қонақүйде тұру, күніне үш мезгіл диеталық тамақтану, жаттықтырушы қызметі және әртүрлі фитнес жаттығулары кіреді.

Мысалы, Мальдив аралдарына жеті күндік фитнес-турды шамамен 640 мың теңгеге, Түркияға он күндік фитнес-турды 400 мың теңгеге, Ресейде теңізде апта сайынғы фитнес-турды шамамен 170 мың теңгеге табуға болады.

Сондай-ақ, бұл жерден тек фитнес-турды ғана емес, дәл сізді қызықтыратын бағытты табу мүмкіндігі бар, олар: йога, цигун, серфинг, треккинг және т.б.

Жайлы аймақтан (зоны комфорта) шығу үшін үңгірде немесе шөл далада өмір сүру міндетті емес. Өзіңізге бейтаныс орта және қарқынды қимыл-қозғалыс болса болғаны. Фитнес-турда жүрсеңіз де сізге жайлы жағдай жасалады. Қонақ үй, тамақтану бәрі алдын ала жоспарланып, тур ұйымдастырушылар туындаған мәселені өздері шешеді. Сіздің қауіпсіздігіңіз де баса назарда. Ескеретін ең маңызды жайт – тыныш әрі қауіпсіз елді таңдау.

Дереккөз: protrip.ru

Н.НАЛТАЙ,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:

ЖҰПТЫҚ жаттығу ЕКІ есе НӘТИЖЕЛІ әрі ПАЙДАЛЫ


ЖҮРЕГІҢІЗ АТТАЙ ТУЛАЙДЫ: Шымкенттегі пайдалы әрі көңілді демалыс орындары