Жүрегіңіз сыр беріп жүр ме? Ендеше оны жаттығу "жасатып" емдеңіз.
Жүрек – адам ағзасындағы ең маңызды мүше. Өкінішке орай, соңғы уақытта жүрек ауруларының жасарып жатқанын жиі естиміз. Сондықтан да әлем дәрігерлері жүрек-қан тамыр жүйесінің жұмысын нығайтуға кеңес береді. Жүрек-қан тамыр жүйесін нығайту үшін ең алдымен дұрыс тамақтануды қолға алу керек. Бірақ дұрыс тамақтану арқылы жүрек жұмысын жақсартамын деу қате пікір. Ол үшін қосымша жаттығулармен де айналысқан жөн.
Жаттығумен шұғылданбас бұрын...
Жүрек-қан тамыр жүйесінің жұмысын жақсартуда адамға сабырлылық пен табандылық қажет. Өйткені мұндай жаттығуларды күнделікті әрі уақытылы орындауға тура келеді. Ал, жаңадан бастағандар үшін жүрекке қатты салмақ түсіру өте қауіпті. Сол себепті де жаттығуды жеңіл түрінен, яғни, таза ауада серуендеуден бастаған дұрыс. Суда жүзуді ұнататын жандарға бұл спорт түрімен де шұғылдануға болады. Өйткені суда жаттығу – тек жүректі нығайтып қана қоймай, бүкіл ағзаға жағымды әсер етеді. Ал, шынығу уақытының максималды көрсеткіші - 1 сағатты құрайды. Сондай-ақ, жаттығуды тамақтанудан 1-1,5 сағат бұрын немесе кейін жасайды. Жоғарыда келтірілген жаттығулар кейбір жандарға ауырлық түсіруі мүмкін. Олар 1 сағат бойы жаттығу жасай алмауы мүмкін. Сондықтан да ондай кісілерге 30 минут шыныққан жеткілікті.
Егер сіз жүрек-қан тамыр жүйесінің жұмысын нығайтуға шындап кіріскен болсаңыз, өз күш-жігеріңіздің жететініне сенсеңіз, жаттығуларды күнделікті жасауды қолға алуыңыз керек. «Жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей, кенеттен жаттығу барысында жүрек жұмысы нашарлап, қысылатындай болсаңыз, шынығуды уақытша тоқтата тұрған дұрыс.
фото: womanvote.ru
Ең бастысы қай шынығу түрін таңдасаңыз да, тамыр соғысына мән беріңіз. Тамыр соғуын жаттығу алдында да, аяқтаған соң да тексерген абзал. Есіңізде болсын, тамыр соғысы минутына 130-дан аспауы тиіс.
Жаттығуларды жиі жасау да жүрекке зиянды болуы мүмкін. Сондықтан да аптасына 3-4 рет дене шынықтырумен айналысқан жеткілікті. Егер жаттығулар дұрыс әрі уақытылы жасалатын болса, артериалды қан қысымының және холестерин деңгейінің қалыпқа келуіне көмектеседі. Сондай-ақ, артық салмақтан арылып, қандағы қант пен инсулиннің төмендеуіне әсері мол.
Жүректі нығайтатын ең қарапайым жаттығулар
Жүрек жұмысын жақсартуға арналған жаттығу түрлері өте көп. Қайсысын таңдаймын десеңіз де өз еркіңізде. Бірақ, аталмыш жаттығуларды қолға алмас бұрын міндетті түрде дәрігермен кеңесіп алған дұрыс. Сонда сіз қандай да бір қауіптің алдын аласыз. Олай болса, жаттығуды бастайық!
- Ең алдымен денені қыздырып алайық. Ол үшін 3-5 минут жай жүруге немесе жүгіруге болады. Дене қызған соң жайлап жаттығуға кірісесіз. Әрбір жаттығудың орындалуына 3-5 минуттай уақыт кетеді.
- Аяқтың арасын иық деңгейіне дейін ашып, қолды бос ұстайсыз. Содан соң қолды сағат тілімен айналдырыңыз. Артынша жаттығуды қарама-қарсы жаққа қарай айналдырасыз.
- Аяқты алшақ қойып, қолды белге қоямыз. Енді оңға қарай, артынша солға қарай иілеміз. Жаттығу орташа жылдамдықпен жасалуы тиіс.
- Содан соң дәл сол қалыппен тұрып, демді шығарғанда алға қарай еңкейесіз де, көтерілген кезде демді ішке тартасыз.
- Енді алдыңғы жаттығудағыдай аяқты алшақ тастап тұрасыз. Қолды белге қойып, бөксені алдымен оң жаққа қарай, сосын сол жаққа қарай айналдыру қажет.
- Орындыққа отырып, қолды аяқтың ұшына жеткізіңіз. Артынша бойыңызды түзеп отырыңыз. Осылайша жаттығуды бірнеше рет қайталайсыз.
- Төсекке жатып, аяқты жоғары көтересіз де велосипед тепкендей қимыл-қозғалыс жасайсыз. Бұл жаттығудың да жүрекке айтарлықтай пайдасы бар.
- Тағы да еденге шалқалап жату қажет. Содан соң қолды алға қарай созып, көтеріліңіз де, аяқтың ұшына жеткізуге тырысыңыз. Жаттығуды жасап болған соң бастапқы қалыпқа келесіз.
- Аяқты бірге қойып, тік отырыңыз. Сосын иекті көкірекке жеткізесіз. Қолды шамалы алға қарай созып тұруға болады. Артынша басты көтеріп, қолды артқа қарай созасыз.
- Жаттығуды аяқтағаннан кейін, жүгіруге немесе таза ауада серуендеуге болады. Осындай қарапайым күнделікті орындалатын жаттығулар ағзаның қалыпты жұмыс істеуіне, жүрек-қан тамыр жүйесінің нығаюына ықпалын тигізеді. Егер жаттығумен қатар дұрыс тамақтануды қолға алсаңыз, жүрек жұмысының жақсаратынына еш күмән келтірмесеңіз болады. Ендеше, жүрек жұмысын жақсартуды кейінге қалдырмай, бүгіннен бастап шыныққаныңыз дұрыс.
Дайындаған: Құрманкүл Әти,