Телефонмен таратқан ЖАЛҒАН ақпарат үшін ЖАЗАЛАНАСЫЗ!

0
5 048

Қазіргі таңда әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге қарасаңыз мың сан жалған ақпарат оқисыз. Ал олардың адамға келтіретін зардабын білесіз бе?


Телефонмен таратқан ЖАЛҒАН ақпарат үшін ЖАЗАЛАНАСЫЗ!

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Бүгінгі таңда әлемдегі технология дамыған сайын ақпарат тарату да, адамдардың тілдесуі де оңай әрі қолжетімді болып келеді. Алайда, бұл жетістіктің теріс жағы да бар. Ол бағытқа адамдар өз аяғымен қадам басуда. Яғни, жалған ақпарат тарату. Кейбір адамдар мұндай әрекеті үшін Заң алдында жауап беретінін білмеуі де мүмкін. Сондықтан аталған мәселенің мән-жайын назарларыңызға ұсынамыз.


Жалған ақпарат қалай таралады?

Ақпараттық технология қарыштап дамыған жаңа ғасыр адамдар үшін мол мүмкіндік сыйлауын тоқтатар емес. Солардың ішіндегі күнделікті қолданатынымыз смартфондар, түрлі жаңалық пен жазбалар жүктелетін әлеуметтік желілер және хат-хабар қатынасын оңайлатқан мессенджерлер. Дегенмен, адамзат игілігі үшін жасалған мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмайтындар да бар. Олардың бір бөлігі – жалған ақпарат тарататындар. Мұндай жазбалар әсіресе апатты және төтенше жағдайлар туындап, саяси оқиғалар орын алып жатқан кезде көптеп тарайды. Оған сенетіндердің қатарына ресми ақпарат тарататын теледидар және сенімді портал жаңалықтарын көріп, оқымайтын адамдарды жатқызамыз. Сондай-ақ, жалған ақпараттарды белгілі бір топтар ел ішіне іріткі салу мақсатында таратуы мүмкін. Оған қоса өз ортасында әзіл ретінде айтылған әңгімені таратып жіберетіндер де бар. Сондықтан ресми, расталған ақпараттарға сенім артып, өзіңізге келген ақпаратты таратпау қажет. Әйтпесе, бұл әрекет үшін жазаланасыз.

Жалған ақпарат таратқандардың жазасы

Атап айтсақ, ҚР Қылмыстық Кодексiнің бірнеше бабында былай жазылған:


274-бап. Көрінеу жалған ақпарат тарату

1. Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату – бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, сонымен қатар бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге және сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.


2. Мынадай:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып;
3) бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет
– үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтіруге немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер – бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге және сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген:
1) қылмыстық топ жасаған;
2) төтенше жағдай кезінде, ұрыс жағдайында, соғыс уақытында немесе жария іс-шаралар өткізу кезінде жасалған іс-әрекеттер
– үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады».


174-бап. Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру.

Жария немесе бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырса: екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

273-бап. Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау.

5000 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе түзеу жұмыстарына тарту, бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.


439-бап. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы көрінеу жалған ақпарат хабарлау.

Жеке тұлғаларға ескерту жасауға немесе 20 АЕК (53 020 тг) мөлшерінде айыппұл салуға, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет үшін 40 АЕК (106 040 тг) мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.


456-1-бап. Ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеу.

Көрінеу жалған ақпаратты БАҚ-та, ақпарат иеленушінің интернет-ресурсында, ашық деректер интернет-порталында немесе Қазақстан заңнамасында көзделген өзге де тәсілдермен орналастыру:

Лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне және коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК (79 530 тг), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК (132 550 тг), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК (265 100 тг) көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Сондай-ақ, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалса айыппұл мөлшері екі есе көбейеді.

Айта кетсек, жалған ақпарат тарату туралы 2015 жылы жаңа Қылмыстық кодекс қабылданғаннан кейін, қылмыс түрінде (274-бапқа сәйкес) қарастырыла бастаған. Жоғарғы соттың ақпараттық базасындағы мәліметтерге сүйенсек, сол уақыттан бері оннан аса қылмыстық іс қозғалған.

Заң халықтың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолданылатындықтан, аталған ақпараттарды біліп жүргеніңіз өзіңізге тиімді.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

дереккөз: kodeksy-kz.com


Тағы оқыңыз:


Мына заттардың ДЕНСАУЛЫҚҚА пайдасы ЗОР!


СМАРТФОНҒА дезинфекция жасадыңыз ба? Оларға да ЖҰҒАДЫ