1 млн теңгеден беріледі: қаржылай қолдауға кімдер ие болады

0
2 057

​Жергілікті мәслихат тиісті шешім қабылдады.


1 млн теңгеден беріледі: қаржылай қолдауға кімдер ие болады

ERNUR.KZ. Бұған дейін Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне бірреттік төлем ретінде тек 500 мың теңге беріліп келген еді. Тек өткен жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай төлем көлемі 1 млн теңгеге дейін көбейді, деп жазады inbusiness.kz.

Жергілікті билік биыл да осы соманы сақтап қалуды ұсынды. Павлодар қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлбарам Белялова бұл ұсынысты қалалық мәслихаттың ІІ сессиясы кезінде айтты. Депутаттар бірауыздан қолдады.

Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген тұлғаларға бұған дейін 30 мың теңге көлемінде бірреттік төлем берілсе, енді 60 мың теңге төленеді. Бірақ павлодарлықтардың басым бөлігі майдан даласында жауға қарсы тойтарыс беріп, елге аман-есен оралған батырларға 1 млн теңгенің өзі аздық ететінін жарыса жазуда.


«Қазіргі заманда 1 млн теңге түк емес. Жылына бір рет қана берілетін төлемді көбейтуге болмас па?», - деп жазды Айнұр Ахметова есімді тұрғын.


«Grammy» сыйлығы үшін әкімдік 2 млн теңге берген тұста ардагерлерге тек 1 млн теңге қарастырып отыр. Мұнымен Қазақстанды әлемге танытқан Иманбектің еңбегін еш кетіргім келмейді, десе де биліктің бұл шешімі әділетсіз деп ойлаймын. Бізге бейбіт өмір сыйлағандар бұдан әлдеқайда жоғары құрметке лайық», - деген пікірін білдірді Бауыржан Төлеубаев.


Сондай-ақ, желі қолданушылары тыл еңбеккерлері мен 1938-1945 жылдары дүниеге келгендердің үнемі назардан тыс қалып қоятынына налыды.

Айта кетелік, бүгінде Павлодар облысында Ұлы Отан соғысының 49 ардагері тұрады.