Осы жылдың 1 тамызына дейін 317 балабақша меңгерушісі мен 383 мектеп директоры ауысады.
ERNUR.KZ. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы №559 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу» қағидасында ротацияны жүргізу мерзімі мен тәртібі айқындалған. Бірінші басшының бір білім беру ұйымында атқаратын лауазымында болуының рұқсат етілген ең ұзақ мерзімі 7 жылдан аспайды. Атқаратын лауазымында 7 және одан да көп жыл болған бірінші басшылар ротациялауға жатады. Ротациялау бойынша шешімді құрамына облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім басқармаларының, аудандық білім бөлімдерінің, әдістемелік кабинеттердің, білім беру саласындағы БАҚ-тың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіретін комиссия қабылдайды», - деді ол министрліктің аппарат жиналысында.
Комитет төрағасы орынбасарының дерегінше, бүгінде республика бойынша мемлекеттік балабақшаларда 3 019 меңгеруші жұмыс істейді. Оның ішінде 639-ының еңбек өтілі 7 жылдан асып кеткен. Ал мемлекеттік мектептердегі 6 299 бірінші басшының, 1 246-сы 7 жылдан астам уақыт бойы директор болып келеді.
«Өңірлер ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2022 жылдың өткен кезеңінде 322 балабақша меңгерушісі ротацияланды. Бұл ротацияға жататын балабақша меңгерушілерінің 50 пайызын құрайды. Осы жылдың 1 тамызына дейін 317 балабақша меңгерушісін ротациялау жоспарланған. 2022 жылдың өткен кезеңінде 1 246 мектеп директорының 229-ы ротацияланды. Бұл ротациялануы тиіс мектеп директорларының 24 пайызын құрайды. Осы жылдың 1 тамызына дейін 383 мектеп директорын ротациялау көзделіп отыр. Қазіргі таңда Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында бірінші басшыларды ротациялану қарқыны байқалады. Яғни, маусым айының соңына дейін аталған облыстарда бірде-бір басшы ротацияланбаған еді. Бүгінгі таңда Павлодар облысынпд 55, Солтүстік Қазақстан облысына 20 бірінші басшы ротацияланды», - деді Жомарт Қарамбаев.