10 мыңға жуық алматылық емхана ауыстырды

0
651

Биылғы тіркеу науқанына 77 емхана қатысты, оның 4-еуі жаңа.


10 мыңға жуық алматылық емхана ауыстырды

ERNUR.KZ. Елімізде азаматтарды емханаға тіркеу науқаны аяқталды. Жыл сайын 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өтетін дәстүрлі науқан барысында 10 мыңға жуық алматылық емхана ауыстырды, деп жазады baq.kz.

Бұл туралы бүгінгі брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев хабарлады.

Биылғы тіркеу науқанына 77 емхана қатысты, оның 4-еуі жаңа. Аталған клиникалардың бәрі де халыққа келер жылдан бастап қызмет көрсете бастамақ, - деді филиал басшысы.

Айтуынша, емхана ауыстырған азаматтардың 92% жеке меншік клиникаларды таңдаған. Бірақ кампания нәтижесі бойынша мемлекеттік емханаларға басымдық берген тұрғындар саны едәуір көп. Алматылықтардың көпшілігі «LS clinic» ЖШС, «Макиза» ЖШС, «Асмед» ЖШС, «A CLINIC» және «Алматы қаласының Орталық отбасылық емханасы» ЖШС тіркелген.

Филиал мәліметінше, азаматтардың емхана ауыстыру құқығы дәстүрлі кампаниямен шектелмейді. Заң бойынша емхананы тұрғылықты мекенжайын, жұмысын немесе оқу орнын ауыстырғанда, басқа жаққа қоныс аударғанда, бұрынғы емхана жабылған немесе қызмет көрсетуді тоқтатқан жағдайда да ауыстыруға болады. Сонымен қатар, әрбір тұрғын жылына 1 рет еркін таңдау құқығын пайдалана алады.

Естеріңізге сала кетсек, биылғы тіркеу науқаны барысында емхана ауыстырған азаматтар жаңа емдеу мекемесінің қызметін 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдалана алады.