«100 жаңа оқулық»: Жыл соңына дейін тағы 30 кітап мемлекеттік тілге аударылады

0
3 535

Жоба барысында осыған дейін әлемнің үздік деген 48 оқулығы қазақ тіліне тәржімаланды.


«100 жаңа оқулық»: Жыл соңына дейін тағы 30 кітап мемлекеттік тілге аударылады

ERNUR.KZ. Жыл соңына дейін қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық» жобасы аясында тағы 30 кітап мемлекеттік тілге аударылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жарық көрген жоба барысында осыған дейін әлемнің үздік деген 48 оқулығы қазақ тіліне тәржімаланды. Қазірде бұл кітаптар 10 мың данамен басылып, еліміздегі 130 оқу орындарына тегін таратылған. Ұлттық аударма бюросы қалған 22 кітапты келесі жылы толық аударамыз деп отыр.

Биыл аударылған оқулықтардың арасында Малкольм Шоның «Халықаралық құқық» кітабы да бар. 1000 беттен асатын 2 томдық оқулық отандық университеттердің игілігіне айналып үлгерді. Туындының ғылыми редакторы Марат Сәрсембаевтың айтуынша, мұнда британдық, америкалық және өзге де соттардың даулы мәселелері бойынша шешімдері кеңінен талданған. Былайша айтқанда, теориядан гөрі практика басым. «Бұл заң саласында білім алатын студенттерге таптырмас дүние», - дейді ол.

- Малкольм Шодың халықаралық құқықпен байланысты кітабы әділет, әділдікпен байланысты. Сол себепті осы кітап 100 кітаптың ішіне енген. Студенттерге, магистранттар мен доктаранттарға арналған. Көбінде заң факультеті, халықаралық құқық факультеттерінде бұл пән күрделі пән саналады, - дейді «Халықаралық құқық» оқулығының ғылыми редакторы Марат Сәрсембаев.

Үздік оқулықтар ел студенттеріне дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік бермек. Аудармашылар «келер жылы 100 кітап толығымен қазақша сөйлейді», - деп отыр. Кең көлемді аударма қазақ тілін халықаралық ғылыми лексикамен байыта түсуге мүмкіндік бермек.

-Барлығын бірге қосқанда аудармашы, ғылыми, әдеби редактор, баспагер, дизайнерлермен 300-дей адам жұмыс істеп жатыр. Мұның сыртында әр оқулықтың мазмұнының негізінде видео лекциялар жасалып жатыр. Соның негізінде Қазақстанның ашық университеті деген жоба іске қосылып жатыр, - деді «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы.

Ал, бұл оқулықтардың электронды нұсқасы ашық университет сайтында орналастырылған. Сонымен қатар, Ұлттық аударма бюросы жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап, қазақ және орыс тілдеріндегі видеолекциялар курсын дайындап жатыр. Олар интернет арқылы еркін қолданысқа беріледі.