​11 жыл құлдықта болған жамбылдық азамат жантүршігерлік өмірі туралы айтты (видео)

0
4 249

Құлдыққа салынған ер адамның әпкесі оның суретін әлеуметтік желідегі бейтаныс адамның парақшасынан көріп, іздестіре бастапты.


​11 жыл құлдықта болған жамбылдық азамат жантүршігерлік өмірі туралы айтты (видео)

ERNUR.KZ. Бейсен Анарбеков 11 жыл бойы Жамбыл облысы Байзақ ауданының бір бұрышында құлдықта болған. Ол 2007 жылдан бері еріксіз еңбек етіп, үлкен қожалықтың бар қара жұмысын атқарыпты. Қожайынынан зәбір көрген азаматты 2018 жылы әпкесі құтқарып алған екен. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасындағы "Пендеміз ғой" бағдарламасында айтылды, деп жазады NUR.KZ.

43 жасында құлдық құрсауына түсіп, 54 жасқа келгенде бір-ақ шыққан Бейсен Анарбеков кәсіпкердің осы уақыт аралығында көрсеткен қорлығы туралы айтты.


Ол Жомарт Наурызбай есімді қожалық иесінің ай сайын 15 мың теңге төлеймін, үйлендіремін деген сылтаумен қол астына алып, артынан ауыр жұмыстарға жеккенін де жасырмады.

"Бәріне айттым, ешкім құтқармады. Бұрын милиция болып істегендіктен бәрі қорқады. Ал ол мені 2007 жылы алдап, айына 15 мың теңге төлеймін, үйлендіремін деп айтты.

Осылай ай, жылдар өтті. Ақшамды сұрасам, бермейді. Біреу келсе, жасырып қояды немесе сыртқа қуып жібереді. Үйде шелекте мұз қатып жатады, қыста көмір де түсірмейді, жазда дем алдырмайды. Өзі ішіп алғанда ұрып-соғып тастайды", - деді ашынған азамат.

Анарбеков өзі ауырған кезде де қожайынының ауруханаға жатқызбағанын айтады.

Ал құлдыққа салынған ер адамның әпкесі оның суретін әлеуметтік желідегі бейтаныс адамның парақшасынан көріп, іздестіре бастапты.

Алайда інісін алып кетуге келгенде қожалық иесінен қорыққан Бейсен үйіне қайтпайтынын айтады. Амалы қалмаған бауыры араға бірнеше күн салып, оның тұрып жатқан мекеніне полицияны ілестіріп барған.

Енді жәбірленуші жақындарымен бірге арыз жазып, материалдық өтемақы сұрайтынын айтты.

"Ауырсам да, ауруханаға әне-міне деп апармайды. 11 жыл бойы мен қожалықтың барлық малын қарап, қара жұмысының бәрін істедім. Менен басқа тірі жан болмады.

Мені малай, құл етті. Содан мен кімді көрсем, бәрінен көмек сұрай бердім. Бірақ, барлығы қорқатындарын айтты.

Жомарттың өзі де, кететін болсам, малдарын жасырып, мені соттатып жіберемін деп қорқытты. Әйтеуір ұялы телефонның арқасында мені әпкем тауып алып отыр", - деді Анарбеков.

Ал қожалықтың иесі бұл сөздердің таза жала екенін айтуда. Ол Бейсенге жетім болғандықтан көмектескенін, ауырғанда ең қымбат ауруханалардың біріне апарғанын, өз бауырындай көріп, отбасының аузынан жырып, тамақ тасығанын айтты.

Сондай-ақ, кәсіпкер оның аяғын байлап ұстамағанын, кез келген уақытта жіберуге дайын болғанын жеткізді.

"Мен оны Байзақ ауданына тіркеуге тұрғыздым. Кетемін деген адам бәрін тастап, бір күнде кетіп қалады. Бұл жерде оны ешкім қолына кісен салып., ұстап отырған жоқ. Ақшасын да беріп отырдым. Тамағынан бөлек, 15 мың қолына ұстатып жүрдім. Қазір де мен оған барлық ақшаңды төлеп беремін, кел деп айттым", - дейді Жомарт Наурызбай.

Ал Бейсен қожалық иесіне қайтадан бармайтынын, тіпті жоламайтынын, ол тағы бір нәрсе бүлдіретінін алға тартты.