​12 адамның атына 8,5 млн теңге несие рәсімдеген алаяқ ұсталды

0
1 595

Қазір 37 жастағы азаматтың үстінен аса ірі көлемде алаяқтық әрекеттер жасау дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс сотқа жіберілді.


​12 адамның атына 8,5 млн теңге несие рәсімдеген алаяқ ұсталды

Семейде 12 адамның атына, жалпы сомасы 8,5 млн теңгеге тауарлық несие алдырған алаяқ азамат ұсталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ. inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазір 37 жастағы азаматтың үстінен аса ірі көлемде алаяқтық әрекеттер жасау дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс сотқа жіберілді. Азамат 12 адамның сеніміне кіріп, алдау арқылы екінші деңгейлі банктерден несиеге түрлі тұрмыстық техникалар рәсімдеуге көндірген. Ал ай сайынғы төлемақыны өзі төлеуге уәде берген. Және ол тауарды алып бергені үшін тұрмыстық техниканың бағасына байланысты 5-тен 10 пайызға дейін мөлшерін несие рәсімдеушіге беріп отырған. Оңай олжаға кенелуді көздеген жәбірленушілер тіпті ойланбастан ірі көлемдегі несиені өз аттарына рәсімдеген. Арада уақыт өткеннен кейін ғана олар өздерінің алаяқтың құрбаны болғандарын білген. Себебі, банктен қарызды қайтару жөнінде күн сайын хабарлама келе бастаған.

Тексеру кезінде азаматтың тауарларды нарық бағасынан төмен бағада қайта сатып отырғаны белгілі болды. Ал тұрғындарға әкелген шығын көлемі 8,5 млн теңге.

«Семей қалалық ІІБ-на қала тұрғыны келіп, танысының екі жыл бойы несиесін төлемей жүргенін айтып арызданды. Полиция қызметкерлерінің жүргізген жедел іздестіру шаралары кезінде 37 жасар азамат ұсталды. Ол қаладағы әртүрлі сауда үйлерінен өз таныстарына тауарларды несиеге алғызған. Қазір «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс аяқталып, сотқа жөнелтілді»,-деді Семей қалалық ІІБ Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің жетекшісі Елубек Оспанов.