13 шілдеден бастап ЖОО-да грантқа құжаттарды қабылдау басталады

0
623

2021 жылы мектеп түлектері алғаш рет ҰБТ-ны электронды форматта тапсырды.


13 шілдеден бастап ЖОО-да грантқа құжаттарды қабылдау басталады

ERNUR.KZ. Биыл мектеп түлектері алғаш рет ҰБТ-ны электронды форматта тапсырды. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөлінді. Нақтырақ айтқанда, тестілеу процесі шифрлау элементтері бар арнайы жабық VPN желісі арқылы жүзеге асырылды. Ал дұрыс жауаптар коды тек Ұлттық тестілеу орталығында болды. Биылғы ҰБТ туралы бүгін ОКҚ-да айтылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

БҒМ Жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев электрондық тестілеудің басты тиімділіктерін атап өтті.

«Жалпы, екі жылдық апробация барысында электрондық тестілеу жетілдіріліп, ҰБТ тапсыру кезінде қағаз форматпен салыстырғанда мынадай артықшылықтарды атап өтуге болады: талапкер тестілеу күні мен орнын өзі таңдау мүмкіндігі; тестілеу уақытын үнемдеу; алдыңғы тест тапсырмаларында таңдалған жауаптарды қайта өзгерту мүмкіндігі; тестілеу нәтижелерін өңдеу кезінде кездесетін қателерді болдырмау, яғни жауап парағында боялған немесе жартылай боялған жауаптарды сканердің дұрыс оқымауы, жауап парағын толтыру барысында басқа секторлардың боялып кетуі және т.б; тестіленуші қате толтырылған деректерін өзгертуге, сондай-ақ тапсыру тілін, пәндерін ауыстыруға мүмкіндігі бар; тестілеу нәтижелері аяқталғаннан кейін бірден сол жерде, сонымен қатар Жеке кабинетте көрсетіледі; тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру мүмкіндігі бар; тестілеуді өткізу рәсімін тұрақты бақылау жүргізіледі;», -деп нақтылады Тойбаев.

Департамент директоры ҰБТ-ның соңғы нәтижелері тамыз айында дайын болатынын ескеріп, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті шара қолданылатынын айтты.

«Қолданыстағы ережелерге сәйкес барлық бейнежазбалар ағымдағы жылдың 25 тамызына дейін талданып, тыйым салынған заттарды пайдалану анықталған жағдайда, тестілеушінің балдарымен қоса білім беру грантын тағайындау конкурсының нәтижесі де жойылады. Айта кету керек, ҰБТ штаттық режимде және қандай да бір форс мажорсыз өтті. Егер бұрынғы формат болса, елде Дельта штаммы таралған кезде 10 күнде 285 мыңнан астам адамды сынақтан өткізу мүмкін болмас еді», - деді Әділет Тойбаев.

Сондай-ақ, министрлік өкілі 13 шілдеден бастап ЖОО-да грантқа құжаттарды қабылдау басталатынын ескерді.