15 жасар жасөспірімді ұрып-соққан: Аягөз интернатында жанжал өрши түсті

0
554

​Бейнебақылау камераларына тәрбиеші баланы соққыға жыққан сәт түсіп қалған. Бала жарақат алды, сот-медициналық сараптама тағайындалды.


15 жасар жасөспірімді ұрып-соққан: Аягөз интернатында жанжал өрши түсті

ERNUR.KZ. Аягөз балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тағы жанжал шықты. Бейнебақылау камерасына тәрбиешінің 15 жасар жасөспірімді ұрып-соққан сәті түсіп қалған, деп жазады sputniknews.kz.

Бұл туралы баланың қамқоршысы саналатын мекеме директоры Шолпан Мақашева мәлімдеді. Ол орталық тәрбиешілері тарапынан қатыгездік фактісі бойынша құқық қорғау органдарына жүгінген.

"Дәрігер-психиатрдың қырағылығы мен бейнебақылау камераларының арқасында болған оқиғаға жедел мониторинг жүргізілді. Қатыгездік көрсету бойынша бірден құқық қорғау органдарына, прокуратураға, аудандық әкімдікке хабарланды. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына баяндалды. Видеокамералардағы жазбалар құқық қорғау органдарына берілді", - дейді балалар үйінің директоры Мақашева.

Мұны Шығыс Қазақстан облысының ақпарат орталығы жариялады.

Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігі бойынша (кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) қылмыстық іс қозғалды. Дене жарақатын салу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Полиция баланың бет пен мойын аумағында жарақат бар екенін анықтады.

Заңға сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің жай-жапсары жарияланбады.

"Қазіргі уақытта бұлтартпау шарасы мәселесі шешілуде. Сот-медициналық сараптама тағайындау жоспарланған", - деп хабарлады аудан әкімдігі.

Айта кетейік, іс облыс прокурорының ерекше бақылауына алынды. Оқиға орнына Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат барды.