16 жасқа толмаған балаларға скутер мен электросамокат айдауға болмайды - полиция

0
1 492

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер күн жылына жолдарда пайда болатын екі дөңгелекті көлік иелеріне жол ережесін қатаң сақтау қажеттігін ескертті.


16 жасқа толмаған балаларға скутер мен электросамокат айдауға болмайды - полиция

ERNUR.KZ. Полицияның мәліметінше, 16 жасқа толмаған балалардың скутер және электросамокат тізгіндеуіне рұқсат жоқ, деп жазады ҚазАқпарат.

«Ата-аналар жол шетімен велосипед мініп жүруге 14 жастан бастап қана рұқсат етілгенін білуі тиіс. Қозғалтқыш көлемі 50 текше метрден көп емес скутерді және оларға теңестірілген электрсамокаттарды 16 жастан басқаруға болады. Жүргізуші куәлігі болуы міндетті емес. Десе де, жас жүргізушілер Жол жүрісі қағидаларын білуі қажет. Патрульдік полиция бөліністері облыс орталығының және елді мекендердің жолдарында қозғалыс қауіпсіздігін нығайту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жол қозғалысының барлық қатысушыларынан Жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауды сұраймыз», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мотоциклшілер арасында белгіленген жылдамдықты асыру, маневр жасау қағидаларын бұзу жиі кездеседі.

Бұны тәжірибе көрсетіп отыр. Кез келген осындай құқық бұзушылық жол-көлік апатына әкеліп соғуы мүмкін.

Екі дөңгелекті көліктің жүргізушілері маневр жасағанда, бұрылғанда, басқа жолаққа ауысқанда жол қозғалысының басқа қатысушылары үшін көрінетін белгілерді көрсетуі тиіс.

Ал ереже бұзғандарға заңнамамен айыппұл қарастырылған. Жүргізуші де, жолаушысы да шлем киюі тиіс.

Жаз кезінде пайда болатын тағы бір проблема – түнгі мотожарыстарға құмар жүргізушілердің тыныштықты бұзуы.

Жұмыс күндері сағат 22.00-ден кейін, ал демалыс және мереке күндері сағат 23.00-ден кейін тыныштықты бұзуға болмайды. Заңды бұзғандарға 5 АЕК айыппұл салынады.