2 айдан ЖІӨ өсімі 3,5 пайыз болды - Руслан Дәленов

0
1 630

Инвестициялар серпінінде өзгеріс болды.


2 айдан ЖІӨ өсімі 3,5 пайыз болды - Руслан Дәленов

ERNUR.KZ. Ағымдағы жылдың екі айында жалпы ішкі өнім өсімі 3,5 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Жалпы осы жылғы 2 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім серпіні жылдамдады. Инфляция нысаналы дәлізде сақталып отыр. Инвестициялар қайта өсе бастады. Ал халықаралық резервтер тұрақты деңгейде. Осылайша, жалпы ішкі өнімнің өсуі 3,5 пайызға жылдамдады. Қаңтарда ол 2,9 пайызды құраған болатын. Мұндай серпін тауарлар өндірісінің өсуімен, сондай-ақ қызмет көрсету секторының өсуімен қамтамасыз етілді. Олардың жалпы ішкі өнімнің өсіміне салымы сәйкесінше 0,91 және 2,19 пайызық тармақты құрады», - деді министр.

Оның айтуынша, инфляция деңгейі жоспарланған дәлізде сақталды. Жылдың басынан бері ол 0,8 пайызды, ал жылдық мәнде 4,8 пайызды құраған. Инвестициялар серпінінде өзгеріс болды. Егер ол өткен айда төмендесе, есепті кезеңде олардың өсуі 4,2 пайызға жетті.

«Өсім машиналар мен жабдықтарды сатып алумен, сондай-ақ «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырының компрессорлық станциясының құрылысымен байланысты», - деді ол. Министрдің дерегінше, ағымдағы жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша, елдің халықаралық резервтері 88,8 млрд АҚШ долларын құрады. «Оның ішінде алтын-валюта резервтері 30,6 млрд АҚШ доллары және Ұлттық қордың активтері 58,2 млрд АҚШ доллары болды», - деді Р.Дәленов.