Министрдің айтуынша 2027 жылы кең жолақты интернеттің үй желілеріне қосылуы деңгейі 100 пайызға, сондай-ақ республика бойынша 5G технологиясы 75 пайызға жететін болады.
ERNUR.KZ. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин елімізде интернет сапасын көтеруге қатысты жаңа ұлттық жоба әзірнеліп жатқанын айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Ұлттық жоба аясында елді мекендерді, автожолдарды кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету және олардың сапасын жақсарту жөніндегі іс-шаралар көзделген. Жобаның мақсаты – интернетке 100 Мбит/с қосылатын телекоммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету», - деді Б. Мусин Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.
Оның айтуынша, 2027 жылы кең жолақты интернеттің үй желілеріне қосылуы деңгейі 100 пайызға, сондай-ақ республика бойынша 5G технологиясы 75 пайызға жететін болады. Ал экономикада жалпы ішкі өнімдегі байланыс көрсеткіші 2 пайызға жетпек.
«Ұлттық жоба аясындағы басты іс-шараның бірі – оптиканы 3 мың елді мекенге жеткізу. Дүниежүзілік Банкпен бірлесіп интернет жеткізу үшін кіші және орта операторларды субсидиялау, яғни шығындарын өтеу үшін арнайы гранттар беретін боламыз», - деді министр.
Келесі іс-шара - бұл республикалық және облыстық жолдардың бойында талшықты-оптиканы жүргізу.
«Осы инфрақұрылым негізінде жол бойында кеңжолақты ұялы байланыс интернеті, яғни 4G қамтамасыз етіледі. 20 қалада 5G ұялы байланыс желілерін енгізу және салу қолға алынады. Еліміздің операторларын 4G, 5G технологияларына инвестиция салуға ынталандыру үшін оларға төлем ставкаларын нөлге түсіру бойынша іс-шаралар жүргізіледі. Осы орайда еліміздің аумағында 2027 жылға дейін 3 жарым мыңнан астам базалық станция қойылатын болады», - деді ведомство басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов бір ай ішінде аталған ұлттық жобаны пысықтауды тапсырды.