"20 мың тұрады": Тұрғындар жалған вакцинация паспортын қалай алғанын айтты

0
1 121

Жалған вакцинация паспортын жасау қылмыстық жазаны көздейді, сонымен қатар халыққа қауіп төндіреді.


ERNUR.KZ. Коронавирусқа қарсы вакцина салдырғаны туралы жалған құжат сатып алған қазақстандықтар жасырын түрде вакцинация паспортын қалай алғаны жайлы әңгімелеп берді, деп жазады Tengrinews.kz.

Жалған вакцинация паспортын жасау қылмыстық жазаны көздейді, сонымен қатар халыққа қауіп төндіреді. Өйткені ол адам коронавирус жұқтырып, жақындарына да таратуы мүмкін. Сонымен қатар, жалған вакцина салдырған адамдардың коронавирус инфекциясын жұқтыруы немесе тіпті өлімі халықтың вакцинаға деген сенімін төмендетеді.

"Айтатын ештеңе жоқ. Ата-анам маған айтпай жасап алыпты. Үш төлқұжат үшін 45 мың теңге берді. Мамырдың басында, мұндай жағдай болмаған кезде. Ал қазір қалай екпе салдыратынымды білмеймін. Қорқып жүрмін", - деді 26 жастағы Артем (аты өзгертілген. - ескерт.).

Оның вакцинация паспорты дайын, Ashyq қосымшасында "жасыл" мәртебеге ие. Неге бұрын вакцина алмадыңыз деген сұраққа Артем "Спутник V" вакцинасын ДДСҰ мақұлдағанын күткенін айтты.

Айжанға (аты өзгертілген. - ескерт.) жұмысқа бару үшін вакцина алғаны туралы анықтама қажет болған.

"Мен 20 мың теңгеге сатып алдым. Мамырда "бірінші" дозаға, маусымда "екінші" дозаға бардым. Процесс осылай өтеді. Алдымен келіссөз жүргізді. Олар келу керек деді. Мен процедуралық бөлмеге кірдім, олар жай ғана инъекция жасады, ал вакцинаны төгіп тастады. Кейін сол жерде біраз отырдым, сосын болды. Екінші дозада да солай болды. Әрқайсысына 10 мың теңгеден төледім", - деді Жәмила.

Оның айтуынша, медбикеден басқа, жалған құжат туралы ешкім білмеген. Енді Ashyq қосымшасында ол "жасыл" мәртебеге ие.

Тағы бір қазақстандық әйелдің айтуынша, вакцинация паспортын анасы мен әпкесі сатып алған. Бірақ оларға вакцина алу міндетті емес.

"Олар саудамен айналысады. Анам зейнетте. Оған болмайды. Әпкемнің емізетін баласы бар, оған да болмайды. Бірақ бәрібір сауда орынының иесі бутикті жабамын деп қорқытты. Сондықтан сатып алуды ұйғарған. Бес мың теңгеден. Бұл арзан", - деді Айман (аты өзгертілген. - ескерт.).

Алматылық Әсел (аты өзгертілген. - ескерт.) компанияда кеңсе менеджері болып жұмыс істейді. Оның басшылығы вакцинациядан бас тартқан жағдайда қызметкерлерді жұмыстан босатамын деп қорқытқан.

"Ресми түрде жариялаған жоқ, бірақ айтылды. Кейін вакцина алмағандардың жалақысы қысқарып, қашықтан жұмыс істеуге жіберілетіні айтылды. Кейін вакцина алғаны туралы құжатты қайда жасайтынын іздеуге тура келді. Біреулер Барахолкада бір жерде сатылатынын айтты. Бірақ олар қоңырауға жауап бермеді. Кейін бір досымнан таптым. 20 мың теңге. Олардың қалай жасағанын білмеймін, бірақ қазір менің төлқұжатым бар", - деп бөлісті қыз.

Ashyq қосымшасында Әселдің мәртебесі "көк", бірақ жұмыста оның вакцинация паспорты қабылданған.

Айта кетейік, 2 шілдеден бастап барлық қызметкері вакцина алуы тиіс нысандардың кеңейтілген тізімі күшіне енеді. Тізбеге базарлар, сұлулық салондары, дәмханалар, мейрамханалар, қызмет көрсету нысандары және жаппай баратын басқа да орындар кіреді.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакцинация паспортын жасатқандарды жазалауға уәде берген болатын. Алайда содан бері жалған мәліметті жаппай анықтау туралы хабарлама болған жоқ.