​2020 жылдан бастап мемқызметшілер қандай дүние-мүлкі бар екенін жариялап отыруға міндетті

0
1 619

Вице-министрдің айтуынша, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл бағыттағы қадам салық базасының кеңеюіне, мемлекеттік бюджетке салықтың салмақтырақ түсуіне серпін береді.


​2020 жылдан бастап мемқызметшілер қандай дүние-мүлкі бар екенін жариялап отыруға міндетті

ERNUR.KZ.ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев еліміздегі жалпыға ортақ декларациялау жұмысына дайындық қалай жүріп жатқанын айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.

Руслан Еңсебаев орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында атап өткендей, бірінші кезеңде декларацияны мемлекеттік қызметшілер, олардың жұбайлары мен оларға теңестірілген тұлғалар тапсырады. Азаматтардың қалған санаттары келесі кезеңдерде 5 жыл ішінде декларациялаумен қамтылмақ.

«Жалпыға бірдей декларациялауды енгізуге дайындық барысында Қарағанды облысы Осакаров ауданында пилоттық жоба жүзеге асырылды. Оның нәтижесі бойынша 2 153 декларация қабылданып, оның ішінде 114 салық төлеушіде (5,4 пайызы) уәкілетті органдардың мәліметінен алшақтық бары анықталды. Өткізілген пилоттың нәтижелері бойынша декларация формасы мен көлемі 15-тен 2 параққа дейін қысқартылды», - дейді Руслан Еңсебаев.

Вице-министрдің айтуынша, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл бағыттағы қадам салық базасының кеңеюіне, мемлекеттік бюджетке салықтың салмақтырақ түсуіне серпін береді.

«Жалпыға ортақ декларациялаудан үрейленудің қажеті жоқ. Керісінше, ол - адал салық төлеуші үшін жағымды жаңалық. Декларацияны тапсыруды жеңілдету бойынша қадамдардың бірі - декларацияны алдын ала толтыру. Әртүрлі мемлекеттік органдарда мәліметтерді автоматты түрде жинайтын ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Сол автоматты жүйе арқылы азаматтар өз атында қандай мүліктер тіркелгенін біле алады. Егер қандай да бір мүліктің артық немесе кем тіркеліп тұрғанын анықтайтын болса, азамат мемлекеттік кірістер органдарына ресми сауал жолдай алады», - дейді Руслан Еңсебаев.

Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Талғат Мамаев атап өткендей, осы уақытқа дейін декларацияны тапсырғаннан кейін мүлкін жариялау немесе жарияламау ерікті болып келген. Ендігі жылдан бастап декларациядан кейін мемлекеттік қызметшілерге мүлкін жариялау міндетті болмақ.

«Мемлекеттік қызметшілер декларациясын табысы мен мүлкі бойынша тапсырып отыр. Декларация 31 наурызға дейін тапсырылуы керек. Декларациядан кейін жеке мүлкі бойынша декларацияны жария ету - бүгінгі таңда ерікті. Ендігі жылдан бастап жалпыға бірдей декларацияға көшу кезінде мемлекеттік қызметшілер декларациясындағы мәліметтерді жария ететін болады. Атап айтар болсақ, мүлкін жариялау міндетті мемлекеттік қызметшілер - саяси қызметшілер және олардың жұбайлары, «А» корпусындағы мемқызметшілер мен судьялар, Парламент депутаттары мен квазимемлекеттік мекемелердің басшылары», - дейді Талғат Мамаев.