2021 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 3,8 трлн теңге бөлінеді.
ERNUR.KZ. 2021 жылы әлеуметтік салаға 7 трлн теңге жұмсалады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерлан Жамаубаев айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
Отырыста «2021 - 2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы ұсынған министр аталған құжат жобасының экономикалық өсудің баяулауы және әлемдік тауар нарықтарында қолайсыз конъюнктура жағдайларында ел экономикасының 2025 жылға дейінгі даму болжамы негізінде әзірленгенін айтты.
«Бюджет жобасын қалыптастыру кезінде басым міндеттер ескерілді. Олар - мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қамтамасыз ету және мемлекеттік инвестициялардың қолайлы деңгейін сақтау. 2021 жылға арналған түсімдер 11,4 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Республикалық бюджеттің кірістері 2021 жылы 6,9 трлн теңгені, 2022 жылы – 8,6 трлн теңгені, 2023 жылы – 9,2 трлн теңгені құрайды. Ұлғаю негізінен корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы және шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша күтілуде. Бюджет тапшылығы 2021 жылы жалпы ішкі өнімнің 3,4 пайыздан 2023 жылы кезең-кезеңмен жалпы ішкі өнімнің 2,1 пайызына дейін төмендеуімен жоспарланған», - деді ол.
Оның айтуынша, шығыстар 2021 жылы 14 трлн. теңгені құрайды. Бюджеттің ағымдағы шығыстары келесі жылға 13,1 трлн теңге деңгейінде анықталды. Даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 900 млрд теңге сомасында жоспарланып отыр
«Бюджеттің әлеуметтік бағыты толығымен сақталып отыр. Шығыстар құрылымындағы әлеуметтік саланың үлесі 50,4 пайызды құрайды. Осылайша, әлеуметтік салаға 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 454 млрд теңгеге өсіммен 7 трлн теңге жоспарланды. Жыл сайынғы индекстеу және зейнетақы мен жәрдемақы алушылар контингентін ұлғайтуға келесі жылға қосымша 265 млрд теңге көзделді. Сондай-ақ, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақыларын көтеру жолымен олардың мәртебесін арттыру жөніндегі Президенттің тапсырмаларын іске асыру бойынша барлық іс-шаралар жоспарланған», - деді министр.
Ерлан Жамубаевтың айтуынша,экономика нақты секторының дамуын қолдауға 2021 жылға 1,7 трлн теңге көзделді. Осы қаражат аясында «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, индустриялық-инновациялық даму мен «Бизнестің жол картасы – 2025» және тағы басқа бағдарламаларды іске асыру жалғасатын болады.
«2021 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 3,8 трлн теңге бөлінеді. Бұл жалпы бюджет шығыстарының шамамен 27 пайызын құрайды. Оның ішінде ағымдағы нысаналы трансферттері - 1,4 трлн теңге, даму трансферттері түрінде 405 млрд теңге көзделген. Заң жобасы ашық ақпарат көздерінде жарияланған. Премьер-Министр Кеңсесімен бірлесе отырып, заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына енгізуге дайындалатын болады», - деді министр.