ҚР Мемлекеттік қызметтер тізілімінде 698 мемлекеттік қызмет түрі қарастырылған, олардың 85,5%-ы онлайн-режимде көрсетіледі.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекеттік қызмет көрсету процесін жетілдіру мәселелері қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б. Мусин, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов, Атырау облысының әкімі М. Досмұхамбетов, Алматы облысының әкімі А. Баталов баяндама жасады.
Қазіргі эпидемиологиялық ахуал жағдайында ЦДИАӨМ бизнес процестерді оңтайландыру және автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізді, ХҚКО жұмысының форматы өзгертілді, артық құжаттар талаптары алынып тасталды. Тиімді шаралардың бірі Blockchain технологиясын енгізу болды, бұл мемлекеттік қызметтерді көрсету уақытын едәуір қысқартады және деректерді үшінші тұлғаларға беру мүмкіндігін болдырмайды.
ҚР Мемлекеттік қызметтер тізілімінде 698 мемлекеттік қызмет түрі қарастырылған, олардың 85,5%-ы онлайн-режимде көрсетіледі. Осы жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 90%-ға дейін жеткізіледі. Биыл eGov пайдаланушыны биометриялық сәйкестендіру жолымен бір қадамда жеңілдетілген тіркеу механизмін енгізеді.
Осылайша, eGov-та ұялы телефонды бетке жақындату арқылы тіркелуге болады, ал биометриялық сәйкестендіру қосымша сұрақтар қою арқылы пайдаланушыны өзі анықтап, тіркейді. Азаматтардың автомобильдерді тіркеу үшін мамандандырылған ХҚКО-ларға баруының баламасы банктік қосымшалар арқылы сатып алу-сатуды ресімдеу болады, бұл қызмет көрсету уақытын 10 минутқа дейін қысқартады (құжаттар үйге жеткізіледі).
Биылғы жылдың соңына дейін электрондық форматтағы әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтер көрсеткіші 90%-ға дейін жеткізіледі. Қоғамдық мониторинг қорытындысы бойынша электрондық мемлекеттік қызметтерді енгізу бойынша алдағы өңірлер – Ақмола, Қызылорда, Қарағанды, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстары.
Бұл жұмыс Алматы облысы мен Шымкентте тиісті деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ. Үкімет басшысы жергілікті атқарушы органдарға мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қанағаттану деңгейін кемінде 80%-ға жеткізуді, сондай-ақ ТКШ қызметтері бойынша астаналық IQalа жобасы үлгісімен тиімді шешімдер енгізуді тапсырды.
Цифрлық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, барлық әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтерді eGov mobile-ға ауыстыру жоспарын бекіту тапсырылды.
«Халыққа жұмыстың нақты нәтижелері қажет. 2021 жылы "қағаз" анықтамалардың қажеттілігін толығымен жойып, "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясынан қызметтерді жеткізуді қамтамасыз етіп, барлық онлайн қызметтер мен сервистердің қолжетімділігін 100%-ға дейін арттыруымыз керек», — деді А. Мамин.
Денсаулық сақтау министрлігіне азаматтарға қажетті электрондық медициналық мәліметтерді беруді қамтамасыз ету, Еңбек министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, зейнетақы мен жәрдемақыларды беруді тағайындау процестерін цифрландыру үшін қажетті деректерді толық цифрландыру мен жаңартуды қамтамасыз ету тапсырылды.
Премьер-Министр орталық және жергілікті атқарушы органдарға барлық ақпараттық жүйелердің тиімді интеграциялануын және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді, олардың жұмыс сапасын және халық үшін пайдалануға жеңілдігін арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Үкімет басшысы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы жаңалықтар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігіне ерекше назар аударды.