2024 жылы көпбалалы аналар қандай жеңілдіктерге ие бола алады?

0
862

Еліміздің демографиялық көрсеткіші жыл санап артып келеді.


2024 жылы көпбалалы аналар қандай жеңілдіктерге ие бола алады?

ERNUR.KZ. Көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақылардан бөлек көптеген жеңілдік қарастырылған. Төрт және одан да көп баласы бар отбасылар тұрғын үй кезегіне тұрып, бизнес бастауға қайтарымсыз грант ала алады, деп жазады baq.kz.

Еліміздің демографиялық көрсеткіші жыл санап артып келеді. Соның арқасында 2023 жылы Қазақстан халқының саны 20 миллион адамға жетті. Көпбалалы отбасылар демографиялық ахуалымызды көтеруге үлкен үлес қосып отыр. Өз кезегінде ел Үкіметі түрлі қолдау шараларын ұсынып отыр. Бұл шаралардың бар екенін бірі білсе, бірі хабарсыз. Сол себепті әрқайсысына бөлек тоқталып көрейік.

Көпбалалы отбасыларға кімдер жатады?

Елімізде 4 және одан да көп кәмелет жасына толмаған баласы бар отбасылар бірден көпбалалылар санатына жатқызылады. Сондай-ақ күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттері барлар да көпбалалылар қатарына қосылады. Бұл ретте баласы кәмелет жасына толғаннан 23 жасқа дейін орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алуы тиіс екенін ескерген жөн. Алты бала туған көпбалалы аналарға "Күміс алқа", ал жеті не одан көп бала туған көпбалалы аналарға "Алтын алқа" беріледі.

Мемлекет көпбалалы отбасыларды қандай жәрдемақымен қамтамасыз етеді?

Соңғы бес жылда көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен көпбалалы отбасыларға олардың табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Биыл айлық есептік көрсеткіш мөлшері 3692 теңгеге дейін ұлғайтылған соң жәрдемақы мөлшері де көтерілді. 2024 жылы жәрдемақы мөлшері төмендегідей болды:

Төрт балаға – 59 183 тг;
Бес балаға – 73 988 тг;
Алты балаға – 88 793 тг;
Жеті балаға – 103 598 тг;
Сегіз және одан да көп баласы бар отбасыларға – ай сайын әр балаға 4 АЕК немесе 14 768 теңге мөлшерінде жәрдемақы беріледі.

Егер барлық құжат дұрыс болса, мемлекеттік жәрдемақы автоматты түрде тағайындалуы тиіс. Егер сіз көпбалалы отбасы бола тұра, бұл жәрдемақыны алмаған болсаңыз, "Азаматтарға арналған үкімет" мекемесіне барып, мән-жайды анықтау керек.

Жоғарыдағы санаттардан басқа "Алтын алқа", "Күміс алқамен" және басқа да ордендермен марапатталған көпбалалы аналарға бөлек жәрдемақы тағайындалады.
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға ай сайын 6,4 АЕК мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Жәрдемақыны алу үшін "Азаматтарға арналған үкімет" МК" КЕАҚ-ға өтініш жазып, жеке басты куәландыратын құжатты, "Алтын алқа", "Күміс алқа", "Батыр ана", І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталғанын растайтын құжатты ұсыну қажет. Бұдан бөлек көпбалалы ана Байқоңыр қаласынан болса, қалалық тұрғын үй шаруашылығының азаматтарды есепке алу және тіркеу бөлімінің анықтамасы керек.

Әлеуметтік баспана

"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқалары иелері, бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар тұрғын үй кезегіне тұрып, баспана ала алады. Тұрғын үй кезегіне тұру үшін kezekte.kz порталына ЭЦҚ арқылы тіркеліп, санаулы минуттарда өтінім беруге болады.

Қазір Қазақстан бойынша 646 082 адам кезекте тұр. Олардың 116 244-і немесе 18%-ы көпбалалы аналар. Жалпы баспана кезегінде тұрғандардың 39,5%-ы - халықтың осал топтарына жататындар, 32,3%-ы мемлекеттік қызметшілер, 9,7%-ы жетім балалар екенін айта кеткен жөн.

Бұдан бөлек көпбалалы аналар Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде жылдық 2%-дан және 5%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесі бойынша әлеуметтік кредиттік тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндігі бар. Ол үшін тиісті конкурстың басталғанын күтіп, otbasybank.kz сайты арқылы өтінім беру керек. Соңғы рет Астана қаласында өткізілген конкурс кезінде пәтерлер тұрғын үй кезегі бойынша берілді.

Сонымен қоса табысы төмен отбасылар үшін әкімдіктер тұрғын үй сатып алу үшін тұрғын үй сертификатын ұсынады. Сертификат ҚР Ұлттық банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама немесе мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алынған жағдайда беріледі. Тұрғын үй сертификаты ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін беріледі. Былтыр оның мөлшері 1,5 млн теңге шамасында болды.

Кезекте тұрған көпбалалы отбасылар пәтердің жалдау ақысын субсидиялай алады. Бұл ретте отбасының соңғы 6 айдағы жиынтық табысы оның әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс. Аталған көмекке қол жеткізу үшін тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде есепке қойылғанын растауы қажет. Көпбалалы отбасылар жалға берілетін тұрғын үйді өздері іздейді. Оның құнын есептеу кезінде бірнеше факторды ескеру қажет. Мәселен отбасында 4-5 адам болса, жалдайтын баспана ауданы 60 шаршы метрден аспауы тиіс. Өтінімді otbasybank.kz порталы арқылы беруге болады.

Салық жеңілдігі

"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар бірқатар салық төлемінен босатылған. Атап айтқанда:

  1. Көлік салығы. "Батыр ана", "Алтын алқа" не "Күмiс алқамен" наградталған көпбалалы аналар бір көліктің салығын төлеуден босатылады.
  2. "Батыр ана" атағына ие болған немесе "Алтын алқа" алған көпбалалы аналар тұрғын үй қоры иеленген жер учаскелеріне салынатын салықты төлемеуге құқылы;
  3. үй жанындағы жер учаскелеріне салынатын салықтан босатылады;
  4. "Батыр ана" атағын алып, "Алтын алқамен" наградталған аналар 1000-еселік мөлшердегі АЕК шегінде жеке тұлғалардың мүлкі бойынша салықтан босатылады;
  5. нотариалдық қызметтерге жүгінгенде мемлекеттік баж салығын төлемейді.

Зейнетке 53 жасынан шығады

Қазіргі заңнамаға сәйкес ерлер үшін зейнетке шығу жасы - 63 жаста, әйелдер үшін - 60 жаста деп белгіленген. «Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңында әйелдердің зейнетке шығу жасын кезең-кезеңімен 2018 жылдан бастап 2027 жылға дейін яғни 10 жыл ішінде, жыл сайын 6 айға ұлғайту көзделген. Осылайша 2027 жылға қарай әйелдердің зейнетке шығу жасы, ерлер үшін зейнеткерлік жас - 63 жасқа жетуі тиіс.

Заңаға сәйкес көпбалалы аналар 53 жасқа толғанда зейнетке шыға алады. 5 және одан да көп бала туған немесе асырап алған, әрі оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқылы. 4 баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылар бұл санатқа жатпайды. Алайда ананың баласын бағып-күткен, жалпы жиынтығы 12 жыл шегінен аспайтын уақыты зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтіліне есептеледі.

Атаулы әлеуметтік көмек

Көпбалалы аналар атаулы әлеуметтік көмек ала алады. Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмекті жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын келесі санаттағы тұлғалар ала алады:

ҚР азаматтары;
қандастар;
босқындар;
шетелдіктер;
ҚР-да тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар.

Атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін отбасының әрбір мүшесі есебінен орташа жан басына шаққандағы табыс бойынша есептеледі. Яғни табысы төмен көпбалалы отбасылар ҚР азаматтары ретінде өтінім беріп, қажетті құжаттарын ұсынса, әлеуметтік төлемге қол жеткізе алады. Отбасының құрамы, табысы өзгерген жағдайда тағайындалған атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері қайтадан есептеледі.

Көпбалалы аналар қоғамдық көлікпен тегін қатынайды

2023 жылдың 1 наурызынан бастап "Автомобиль көлігі туралы" заңға өзгерістер енгізілді. Заңға сәйкес "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналардың тегін жол жүруге құқығы бар.

Астанада тегін жол жүру картасын ресімдеу үшін Рақымжан Қошқарбаев даңғылы, 50/1 мекенжайындағы орталық кассаға бару керек немесе transcard.kz онлайн сайты арқылы үйге тапсырыс беруге болады.

Бизнес бастауға қайтарымсыз грант беріледі

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант беріледі. Еңбекмині баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылдың басынан бастап 4 963 көпбалалы отбасы грант иеленген. Биыл 9 мың грант беру көзделген.

Былтыр мал шаруашылығына – 2 907, өсімдік шаруашылығына – 148, мүкәммал, еңбек құралдарын сатып алуға – 2 221, технологиялық жабдықтарды сатып алуға – 3 661, орын жайды жалға алуға – 165 қайтарымсыз гранттар берілген екен.

Гранттарды еңбек мобильділігі орталықтары үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді. Үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын комиссия отырыстарында таныстырады. Комиссия отырысының өткізілетін орны, күні мен уақыты туралы хабарлама Business.enbek.kz порталында грант алуға өтініш берушінің жеке кабинетінде көрсетіледі.

Көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қандай жеңілдік ұсынылады?

Көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылар көптеген әлеуметтік шарамен қамтылады.

  • Көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға жаздық лагерьлерде тегін демалады;
  • Мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылады;
  • «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп формасы және оқу құралдарымен қамтылады;
  • Түрлі үйірмелерге тегін қатыса алады;
  • Балабақшада бірінші кезекте орын беріледі. Ол үшін indigo24.kz сайтына баланы тіркеу қажет. Сонымен қатар былтырдан бастап мемлекеттік балабақшаға тегін барады.

Астананың көпбалалы отбасылары қандай жеңілдіктерге ие

Астанада жер үйде тұратын көпбалалы отбасылар көмір алу үшін өтемақыға өтінім бере алады. Ол үшін жылу берілетін кезеңде, яғни 15 қазаннан 15 сәуірге дейін электрондық үкімет порталы egov.kz немесе Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, сонымен қатар «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығына жүгіну керек.

Бұдан бөлек Clean City NC астаналық көпбалалы отбасыларға қоқыс шығару қызметі үшін 50% жеңілдік береді. Жеңілдік көпбалалы куәлігін ұсына отырып, жазбаша өтініш берген сәттен бастап беріледі.

Бұдан бөлек елордалық көпбалалы отбасылар «Бәйтерек» монументіне, Ұлттық музейлерге, «НұрӘлем» павильонына, «Алау» мұз айдынына тегін кіре алады.
Сонымен қоса Оқушылар сарайында әр бала бір үйірмеге тегін бара алады.