Биыл газдандыру жұмыстарын жалғастыруға 90,4 млрд теңге бөлінген.
ERNUR.KZ. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Сенатта өткен Парламенттік комиссия отырысында елімізде инвесторлармен жүзеге асырылатын газ жобаларын атады, деп жазады inbusiness.kz.
"2030 жылға қарай халықты газдандыру деңгейін 65%-ға дейін жеткізу жоспарланған. 2023 жылдың қорытындысы бойынша халықты газдандыру деңгейі 60%-ды құрады. Осылайша 12 млн адам газға қол жеткізе алады. Биыл газдандыру жұмыстарын жалғастыруға 90,4 млрд теңге бөлінді, бұл 244 мың адамды газбен қамтамасыз етуге немесе газдандыру деңгейін 61,1%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді", - деді ведомство басшысы.
Сөзінше, республикада ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Аталған жобалардың қатарында "Бейнеу – Бозой – Шымкент" магистральдық газ құбырының 2-ші желісін салу (жылына 15 млрд м3), "Ақтөбе-Қостанай" магистральдық газ құбырын салу (жылына 4,1 млрд м3), "Сарыарқа" газ құбырының 2, 3, 4 кезеңдерін салу (жылына 1,7 млрд м3), "Талдықорған-Үшарал" магистральдық газ құбырын салу (жылына 385 млн. м3) бар.
"Бұл жобаларды іске асыру үшін сыртқы инвестицияларды тарту жоспарда бар. Мемлекет басшысының жақында Қатарға жасаған сапары барысында "Бейнеу – Бозой – Шымкент" және "Ақтөбе-Қостанай" екінші желісін салу жөніндегі жобаларды бірлесіп іске асыру бойынша қатарлық инвесторлармен (Power International Holding) келісімдерге қол қойылды", - деп атап өтті Алмасадам Сәтқалиев.