24 метр биіктіктегі ойын аттракционда қалып қойғандар құтқарылды

0
1 137

Биіктігі 24 метр болатын аттракционның істен шығуына негізгі қозғалтқышының тросы қатып қалуы себеп.


24 метр биіктіктегі ойын аттракционда қалып қойғандар құтқарылды

ERNUR.KZ. Оралда оқыс оқиғадан кейін аттракционның жұмысы тоқтады. Осыдан бір күн бұрын биіктігі 5 қабатты үймен бірдей шолу дөңгелегі істен шыққанда, ішінде 18 адам қамалып қалған болатын. Кабинадағы 12 ересек пен 6 баланы шығаруға құтқарушылар шақыртылған, деп жазады ktk.kz.

Куәгерлер кілт тоқтаған аттракционың кабинасындағы балаларды әуеде құтқарушыларға табыстаған кезде зәре құты қалмағандарын айтуда. Сондай-ақ, қаланы қызықтап аттракционға мінген ересектер де әбден шошынған.

Арнайы баспалдақпен дін аман жерге түскен саябақтағы демалушылар, төтенше жағдай қызметкерлеріне алғыстарын жаудырды. Биіктігі 24 метр болатын аттракционның істен шығуына негізгі қозғалтқышының тросы қатып қалуы себеп.

Саябақ қызметкерлері бұзылған аттракционды өздері жөндей алмағандықтан, құтқарушыларды шақырыпты. Оқыс оқиғадан кейін 33 жыл жұмыс істеген әткеншектің орнына жаңасы орнатылады дейді саябақ директоры.

Бек Жәңгіров, Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағының директоры: Аталмыш жағдай қайталанбас үшін бұл аттракцион тоқтатылды. Мұның орнына бұрын айтылғандай инвест проект бойынша жаңа колесо обозрения салынады. Оның жұмыстары биыл күзден басталады деп ойлаймыз.