Ротвейлер тұқымдас екі ит иесінің 3 жасар қызын талап өлтірген болатын.
ERNUR.KZ. 3 жастағы қыз баланы талап өлтірген ротвейлер тұқымдас иттер карантинде жатыр. Бұл туралы қалалық Кәсіпкерлік пен индустриалды даму басқармасының баспасөз хатшысы Әнел Қабиева айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, ротвейлер - қабаған иттер тұқымына жатады. Мұндай иттерді асырау үлкен жауапкершілікті талап етеді-міс.
«Меніңше, ата-аналары дұрыс қарамаған. Иттердің неге дәл сол сәтте балаға тап бергенін анықтау мүмкін емес. Егер ротвейлер иесі кинологтардың көмегімен иттерді тәрбиелей білсе, жануарды әлеуметтік ортаға бейімдеуге болады. Қазір олар бақылауда. Иттерге құтыру екпесі салынған. Барлығы сараптамадан соң белгілі болады», - деді Әнел Қабиева. Оның айтуынша, иттердің миын зерттеу үшін үшін оларды өлтіру шарт.
«Адам өлімі болғандықтан, иттерді өлтіруі мүмкін. Бірақ, ол үшін қожайыны рұқсат беруі немесе сот шешімі керек. Иттер 10 күндей карантинде жатады. Кейбір отбасыларда ротвейлерлер өмір бойы отбасымен бірге өмір сүреді. Бірақ иттердің тұқымдарына оларға тән мінезге мән беру керек. Кейбір иттер әсіресе мұқият қарым-қатынасты талап етеді», - деді Ә.Қабиева.
Айта кету керек, қайғылы жағдай Алматыда Самғау шағын ауданында болған еді. Ротвейлер тұқымдас екі ит иесінің 3 жасар қызын талап өлтірген болатын. Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.