3 жылда 1 миллион ағаш: Бақытжан Сағынтаев бастаманы жаппай акцияға айналдыруды ұсынды

0
1 013

Жиналыста Германия, Оңтүстік Корея мен Түркияның өкілдері қаланы жасылдандырудың үздік тәсілдерін айтты.


3 жылда 1 миллион ағаш: Бақытжан Сағынтаев бастаманы жаппай акцияға айналдыруды ұсынды

ERNUR.KZ. 3 жылда 1 миллион ағаш. Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жаңа Алматыны жасыл желекке толтыру үшін осындай ауқымды шараны қолға алуды ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Акцияға кез келген қала тұрғыны атсалыса алады. Әркім ағаш отырғызып, тіпті өз аты-жөнін беруге мүмкіндігі бар деді. Шаһар басшысы ауқымды акцияға дүйім ел бейжай қарамайды деп отыр. Себебі, алматылықтар экология мәселесіне келгенде алдарына жан салмайтынына сенімді. Осы ретте Алматы әкімі жасыл желек өсірумен айналысатын мамандармен кездесті. Жиналыста Германия, Оңтүстік Корея мен Түркияның өкілдері қаланы жасылдандырудың үздік тәсілдерін айтты. Дегенмен, қазіргі басты мәселе тәлімбақтарда жас шыбықтар қорының нақты саны белгісіз болып тұр.

«Біз 1 миллион ағаш егеміз деп отырмыз. Қала маңындағы барлық тәлімбақтар және басқа да шаруашылықтар шыбықтарды өсірумен айналысатын ұйымдар пайда болады. Оларға жұмыс табылады. Болашаққа ұмтылдыратын шабыт береді. Көшеттерді көрші елдерден де сатып алуға болады. Бірақ өзіміздің компаниялардың жағдайын білгім келеді. Бұл жұмыстарды бірлесіп, күз мезгілінде бастап кетуіміз керек. Әзірге барын отырғыза береміз», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Биыл жаппай ағаш егу акциясы қолдағы бар талдармен жүргізіле береді. Ал келесі жылдан бастап жоспар шегеленбек. Ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, қараша айында құжат дайын болмақ. Онда қалада қандай ағаштардың егілетіні, санының қанша болуы, қанша қаражаттың керектігі нақты қарастырылады. Қала тұрғындары қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бұл ұсынысын бірден қолдады. Тіпті жаппай ағаш егу акциясы басталса, шарадан құр қалмаймыз дейді.

«Өте дұрыс бастама. Үш жылда емес, жыл сайын ағаш егу керек. Себебі Алматыда қазіргі ағаштар ескі ғой. Уақыты келді. Оны өзгерту керек бәрін. Әкімнің айтқаны дұрыс», – деді бір тұрғын.

«Ағаштың көбейгені жақсы. Ауа таза болады. Ағаштарды да, гүлдерді де жыл сайын еге беру керек», – деді келесі бірі.

«Таяуда ғана келдік. Қала жап-жасыл. Бірақ қаланың жаңа аудандарын да жасылдандыру керек. Орталықтағы жасыл желекті де жаңарту артықтық етпейді», – деді тұрғындардың бірі бастаманы құптап.