$300 миллионға кино түсірдік, бірақ ол фильмдердің 70% халықтың есінде жоқ – продюсер

0
893

Майра Қарсақбаева Ресейдің мемлекеттік кино қорында шаң басып жатқан қазақтың кино-жауһарларын елге қайтару керек дейді.


$300 миллионға кино түсірдік, бірақ ол фильмдердің 70% халықтың есінде жоқ – продюсер

ERNUR.KZ. Тәуелсіздік жылдарынан бері кино түсіруге 300 млн доллар жұмсалған. Алайда, халық сол ақшаға түсірілген туындылардың 70%-ын білмейді. Танымал режиссер Абдулла Қарсақбаевтың ұлы мен келіні осылай деп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына үндеу жолдады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Кинематографист Тоқтар Қарсақбаев пен Майра Қарсақбаева – Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген өнер қайраткері Абдулла Қарсақбаевтың ұлы мен келіні. Екеуі де ұзақ жылдан бері кино саласында еңбек етіп келеді, продюсер. Олар Президентке жазған хатында ондаған жыл бойы шешімі табылмаған мәселелерге жеке-жеке тоқталып, көмек сұраған. Ең бастысы – ҚазКСР кезінде түсірілген кинокартиналардың әлі күнге дейін Ресейдің мемлекеттік фильм қорында қалуы. Мәскеудегі қорда Шәкен Айманов, Абдулла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықов, Мәжит Бегалиндердің жауһар туындылары жатыр дейді олар. Майра Қарсақбаеваның сөзінше, өзіміздің қолдағы бар фильмдерді цифрландыру ісі де әлі дұрыс жолға қойылмаған.

«Мәскеуде Ш. Аймановтың туындылары, А. Қарсақбаевтың 8 фильмі, С. Қожықов сынды мықтылардың барлық туындысы жатыр. Фильмдердің түпнұсқасын олар бізге бермейді, өздерінің меншігі санайды. Бірақ көшірмесін ақылы түрде сандық жүйеге көшіріп беруге ресейліктер дайын. Алайда, бізден оны алуға ешкім өтініш жасамаған, өйткені ол қымбат, көп ақшаны қажет етеді. «Рухани жаңғыру» бойынша оларды алдыруға болар еді. «Қазақтың 100 киносы» демесек те, 50 киносы деп, сапалы түрде халыққа көрсетуге болар еді. Тәуелсіздік алғалы бері шамамен, 300 млн доллар киноға жұмсалды, ол фильмдердің 70%-ы халықтың есінде жоқ. Бір миллион долларды фильмдерді цифрландыруға жұмсаса болар еді. Қазір біз классиктердің түсірген фильмдерін бұлдыр-бұлдыр, сапасыз күйінде көріп жүрміз. Оны сандық жүйеге неге көшірмеске? Есесіне, қазір арзан киноларды сапалы етіп көрсетіп жатыр», - дейді продюсер Майра Қарсақбаева.

Ол Лондондағы Еуразия кинофестивалінің директоры ретінде фестивальде «Менің атым Қожа» фильмін көрсеткен. Өз қаражатымен ағылшын тіліне дубляж жасатқанмен, дыбыс режиссері дауысты кәсіби түрде қоя алмаған. Өйткені дыбысты қоятын сапалы техника «Қазақфильмде» жоқ.

«2019 жылы 6 маусымда Лондонда Еуразия кинофестивалін ағылшын тіліндегі "Менің атым Қожа" фильмімен аштық. Кинотеатрда көрсетілді, видео сапасы өте төмен болды, ал дауыс бөлінбеген жолдар музыкасыз қойылды. Мен BBC-ге сұхбат бердім, көрермендер фильмге жақсы баға берді, бірақ видео сапасы үшін ұялдым. Өйткені біз әлі күнге дейін алтын қорымызды лайықты цифрландыра алмай келеміз», - деді ол.

А. Қарсақбаевтың келіні Батыстың тәжірибелі режиссерлеріне біздің елге келу тиімсіз деп санайды. Оларға Қазақстанға қарағанда, Өзбекстанда кино түсіру әлдеқайда жеңіл. Өйткені, шетелдіктер үшін салық мөлшері Қазақстанда тым жоғары. Ол елімізде кинокомиссия құру туралы мәселені жеті жылдан бері көтеріп келеді екен. Алайда, комиссияның қаншалықты қажетті, пайдалы екенін түсінетін жанды кездестірмедім дейді.

«Біз елімізде кинокомиссия құру туралы ұсынысты жеті жылдан бері түрлі инстанцияға айтып келеміз, олар мұның не екенін де білмейді. Түрлі елде шетелдік кинокомпанияларды тартумен кинокомиссия айналысады, ал ол Қазақстанда жоқ! Үш жыл бұрын мен Өзбекстандағы кинокомиссияның бастауында тұрдым, олар менің ұсынысым бойынша құрды, оны Голливудтың бас кеңсесінде тіркеді. Енді олар өздерін әлемнің барлық кинофестивалі мен кинонарықтарында таныстырып жүр. Енді шетелдіктерге фильмді Қазақстанға қарағанда, Өзбекстанда түсірген оңайырақ.
2013 жылдың 22 қазанында Голливуд продюсерлерінен «Марко Поло» фильмін түсіру туралы хат келді, бірақ мен оларға салықтың көптігіне байланысты көмектесе алмадым. Жақында Шарын шатқалында фильм түсіргісі келетін поляк серіктестерім салық рибейттеріне қызығушылық танытты, өйткені олар бізде заң қабылданғанын біледі. Мен оларға кем дегенде, 850 мың доллар жұмсасаңыздар, 30%-ын қайтара аласыздар, онсыз нәтиже шықпайды дедім. Олар мұны естіп жағасын ұстады», - деді М. Қарсақбаева.

Режиссердің отбасы қазіргі таңда түріктің таңдаулы туындыларын Қазақстанның кинотеатрларында көрсетіп, дистрибьюторлықпен айналысып жүр. Олар классиктердің мұрасын өз Отанына қалай қайтаруды білетінін және А. Қарсақбаевтың фильмдерін цифрландырумен өздері айналысқылары келетінін айтып, Президенттен мәселені шешуге көмектесуін сұраған.