300 млн жетіспей отыр: Жол құрылысының кесірінен базар бос қалды

0
421

«Қасықтап жиған клиенттеріміз қашып кетті!»: Ақтөбеде тағы бір базардың сатушылары шу шығарды.


300 млн жетіспей отыр: Жол құрылысының кесірінен базар бос қалды

фото кадрдан скринделді

Ақтөбеде тағы бір базардың сатушылары шу шығарды. Олар қарызданып-қауғаланып алған тауарлары бүлініп жатқанын айтады. Ол аздай, базарға келушілердің саны бұрынғыдан 80 пайызға күрт азайып, күнделікті табыстан қағылғанына ашулы, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Әшейінде ығы-жығы халық жүретін «Алматы» базарында саудагерлерден басқа жан адам жоқ. Ол осыдан үш жыл бұрын ашылған. 25 сауда орнынан бөлек, жазғы павильон да жұмыс жасап келіпті. Алайда, бір жылдан бері базардағылардың берекесі қашқан. Жиналғандар бар кінәні жол жөндеп жатқандардан көріп отыр.

«Келген, қасықтап жинаған клиенттерімізді бәрі қашып кетті, жолға байланысты ешкім келмейді, келгісі келмейді. Жаңбыр жауған күні мына жерде вообще машина ешнәрсе жүре алмайды. Былай келгенде біз банкротқа кірдік, әкелген затымызды мусорға тастап жатырмыз. Клиенттер келмейді», - дейді саудагер ГҮЛНӘР ДИҚАНБАЕВА.
Оңтүстік айналма жолды қайта жөндеу бір жыл бұрын басталыпты. Содан бері базарға келетіндер саны күрт азайған. Саудагерлер сұраса жолдың қолайсыздығын алға тартыпты. Айқыш-ұйқыш жолдың шаңы аспанға көтеріліп жатыр. Мердігер компания оқтын-оқтын жолды уақытша бөгеп қоятын көрінеді.
«Былтыр июнь айынан бастап жолдың мәселесі басталды. Ноябрьдің аяғына дейін жабық тұрды. Ноябрьге дейін еш үлгерген жоқ, тұрды. Қыстыгүні ашып тастады. Алған компания условия жасап, айналма жол істеп, су шашып... Мына шаңның бәрін жұтып жатырмыз. Жұрттар жазғы сезонда сыртқа шығарып сатқысы келеді, шаңның бәрі көкөністің үстінде тұр. Оны алып халық жейді", - дейді базар әкімшісі ҚЫДЫР БАРХАТ.
Клиент келмегесін сауда да мардымсыз. Сатушылар тауары бүлініп, қарызға батқандарын айтады. Астында көлігі барлары тауарларын дүкендерге өздері тасып, әрекет етуде. Ал көлігі жоқтары жалдайын десе, жүк көліктерінің өзі базарға келуге қыруар қаражат сұрайтын көрінеді. Өйткені, олардың өзі батып қалып, шыға алмай қиналады. Әкімдіктегілер болса, базар маңындағы жолды қайта жөндеу жұмыстарын тамыз айында аяқтаймыз деп отыр.
«Тамыз айына дейін сол жолды береміз. Ол жолды жапқан кезде доступный проезді қараймыз ғой, жоспарлаймыз, қараймыз. Қазір республикалық бюджеттен қаржы бөлініп отыр тағы. 300 млн жетіспей отыр", - дейді Облыстық жлаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы АЙБЕК ҚАЙЫР.
Оңтүстік айналма жолды қайта жөндеуге 7,5 млрд теңге қарастырылған. Жолдағы жұмыстар осы жылдың аяғына дейін аяқталуы тиіс. Ол үшін жетпейтін қаражат аударылуы тиіс. Ал оған дейін нәпақасын сауда-саттықтан тауып жүргендер қайтып амалдарларын білмей дал болуда.