32 елдің ішінде ең арзан бензин Қазақстанда екені анықталды

0
493


32 елдің ішінде ең арзан бензин Қазақстанда екені анықталды

ERNUR.KZ. Қазақстан Еуропаның 32 елінің арасында ең арзан АИ-95 бензині бойынша бірінші орынға шықты, деп жазады Stan.kz.

Зерттеушілер осы жылдың ортасында аталған 32 елде АИ-95 бензині мен дизель отынының бағасын салыстырған. Қазақстанда бензиннің бір литрі 197 теңге шамасында, ал бір литр дизель отыны үшін баға 193 теңге көлемінде болғаны анықталды. Бұл рейтингте Ресей екінші орынды (бір литрі 283 теңге), ал Беларусь үшінші орынды (бір литрі 334 теңге) иеленді.

Ал ең қымбат бензинді Нидерланды (бір литрі 934 теңге), Дания (865 теңге) және Португалия (852 теңге) тұрғындары сатып алатыны белгілі болды.

Сонымен қатар зерттеушілер бензиннің халық үшін қолжетімділігін де анықтады. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан 17-ші орынға жайғасып, рейтингтің бел ортасынан біршама төмен түсті. Республика тұрғындары орташа айлық жалақыға шамамен 958 литр АИ-95 бензинін сатып ала алады екен. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша орташа жалақыға 1002 литр бензин сатып алуға болатын Ресей мен 913 литр бензин сатып алу мүмкіндігі бар Словенияның ортасында орналасты.

Ең қолжетімді бензин Люксембургте (2,5 мың литр), (Норвегияда (2,3 мың литр) және Австрияда (2,1 мың литр) екені анықталды. Ал Украина бензиннің халыққа қолжетімділігі ең төмен ел ретінде танылды. Бұл елдің азаматтары небәрі 380 литр жанармай сатып ала алады.