42 500 теңге төлем тамыз айында да беріле ме?

0
1 383

Бұл сұраққа Ұлттық экономика министрі жауап берді.


42 500 теңге төлем тамыз айында да беріле ме?

ERNUR.KZ. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру жөнінде кеңес өткізіп, Мемлекеттік комиссияға карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету арқылы екі аптаға ұзартуды тапсырды. Демек, Қазақстанда карантин шаралары тамыз айының ортасына дейін жалғасу мүмкін, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Еске сала кетейік, Мемлекеттік комиссиясының шешімімен 5 шілдеден бастап Қазақстанда қатаң карантин режимі енгізілді. Сондай-ақ Үкімет Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан осы кезеңде (шілдеде – ред.) табысынан айрылғандарға біржолғы төлем жасап, 42 500 теңге тағайындауды бастады.

Ендігі ретте карантиннің тағы екі аптаға ұзартылуына байланысты тамыз айында қазақстандықтарға 42 500 теңге берілуі мүмкін бе? Журналистердің бұл сұрағына Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жауап берді.

«Жақында мемлекеттік комиссияның отырысында бірқатар міндет қаралып, оның ішінде халық пен экономиканы қолдау мәселесі де пысықталады. Сондықтан да 42 500 теңгені беру мәселесі мемлекеттік комиссияның отырысынан кейін белгілі болады», – деді министр.

Соңғы ақпарат бойынша, шілде айына 42 500 теңге мөлшерінде біржолғы төлем тағайындауға азаматтардан 2,2 млн-нан астам бірегей өтініш қабылданды. Төлем 2 млн адамға тағайындалды. Ақшалай қаражат 1 млн 981 мың қазақстандыққа аударылды.