"5-7 мың долларға сатып жібереді": Шетелдегі қазақстандықтардың құлдыққа түсуі жиілеген

0
808

Оңтүстік Шығыс Азия аумағында қазақстандықтардың еңбек құлдығында болу жағдайы жиілеген.


ERNUR.KZ. Тайланд пен Мьянма елдеріндегі "алтын үшбұрыш" аталып кеткен еңбек құлдығы туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп жазады stan.kz.

“2022 жылғы маусым айының соңынан бері "алтын үшбұрыш" деп аталатын Оңтүстік Шығыс Азия аумағында (Мьянма, Лаос және Тайланд) қазақстандықтардың еңбек құлдығында болу жағдайларының жиілеген. Алдын-ала сөз байласқан халықаралық қылмыстық топтар, көбінесе үшінші тарап арқылы және әлеуметтік желілер мен мессенджерлер (Telegram, Instagram, Facebook, WhatsApp және т.б.) арқылы Қазақстан азаматтарын Таиланд аумағында орналасқан компанияларға жұмысқа шақырады. Олар Таиландқа келгеннен соң түрлі желеу айтылып, азаматтар алаяқтық жолмен Мьянма аумағына жеткізіледі”, - деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Оның сөзінше, алданғанын кеш түсінген отандастарымыз қайта елге оралуға ниет білдірген жағдайда, компания олардан 5-10 мың АҚШ доллар төлеуге талап етеді екен. Осыған байланысты, мұндай соманың болмауына орай, қазақстандықтар қытайлық компанияларда жұмыс істеуге мәжбүр болады.

“Жәбірленушілер Еуропа мен Америка азаматтарынан алаяқтық жолымен ақша шығаруға машықтанған қылмыстық компанияларға көбінесе аудармашы немесе клиенттермен жұмыс істеуге жұмыс орнына қабылданады. Жұмыстан бас тартқан жағдайда, азаматтарды басқа ұқсас қылмыстық компанияларға 5-7 мың долларға сатып жібереді. Бұған қоса, зорлық-зомбылықпен, психикалық қысым, тамақ бермеу сынды әдістермен қорқытады”, - деді Айбек Смадияров.

Қазақстанның Тайланд және Вьетнамдағы елшіліктері осы мәселені толық шешу мақсатында Тайландтың, Лаостың және Мьянманың құқық қорғау органдарымен және сыртқы саяси ведомстволарымен тұрақты байланыс орнатқан.