7 жасар баланы құтқарып қалған азамат сыйақыдан бас тартты​

0
1 445

Сыйақыны А. Карев мұқтаж отбасылардың терезесіне қоршау орнатуына беруді жоспарлап отыр.


7 жасар баланы құтқарып қалған азамат сыйақыдан бас тартты​

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов оныншы қабаттың балконынан құлап кете жаздаған баланы құтқарып қалған Артем Каревты 500 мың теңгемен марапаттады, деп хабарлайды ERNUR.KZ. елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Құрметті Артем Семенович, біз барлығымыз сіздің кешегі ерлігіңізге таң қалдық. Сіз еш сасқалақтамастан ептілік пен батылдық танытып, өз өміріңізді қатерге тіге отырып, 7 жасар баланың өмірін құтқарып қалдыңыз. Бұл үлгі тұтарлық мысал, яғни біздің тұрғындар, азаматтарымыз айналасына осылай жауапкершілікпен қарауы тиіс. Сол себепті, өз атымнан, әкімдіктің аппараты атынан және астаналықтардың атынан сіздің жасаған ерлік әрекетіңізге үлкен алғысымызды білдіреміз», - деді әкім.

Қала әкімдігінің атынан алған сыйақыны А. Карев мұқтаж отбасылардың терезесіне қоршау орнатуына беруді жоспарлап отыр.

«Ақшаға зәру емеспіз, одан да бұл қаражатты игі мақсатқа жұмсаңыздар», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 24 қыркүйек күні сағат 10.16-да 102 пультіне Жеңіс, 28 даңғылындағы оныншы қабаттан баланың құлап кету қаупі туралы хабарлама келіп түседі. Астананың № 2 мамандандырылған өрт бөлімінің кезекші қарауылы 6 минуттан кейін 2012 жылы туылған баланы тоғызыншы қабаттағы көршісінің құтқарып қалғанын хабарлады. Аман алып қалған азамат Артем Карев екен.

«Мен дәл сол кезде үйде едім, көшеде айқайлаған дауысты естіп балконға шықтым. Төменге қарасам бәрі мен жаққа қарап тұр, ойыма бірден біреудің құлағалы тұрғанын сезіп, жоғары жаққа қарасам бала ілініп тұр. Ең бастысы, ол аман, дені сау, ары қарай онымен дос болып кетеміз», - деді Артем.