76 миллион теңге сыйақы: ӘМСҚ депутаттың сынына жауап берді

0
2 582

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) басшылығына төленген сыйақы мөлшері туралы айтқан еді.


76 миллион теңге сыйақы: ӘМСҚ депутаттың сынына жауап берді

ERNUR.KZ. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) басшылыққа төленген сыйақы мөлшеріне қатысты түсініктеме берді, деп жазады Tengrinews.kz.

Қор 2019 жылдың қаржылық есептілігінде төрт адамға - басқарма төрағасы мен оның орынбасары құрамындағы басшыларға төленген 76 762 000 теңге сомасындағы шығын көрсетілгенін хабарлады.

"Бұл шығындарға 2019 жылға арналған Еңбек заңнамасына сәйкес жалақы, ақылы демалыс, сыйақы, денсаулық жағдайына байланысты демалыс ақысы кіреді. Бұл ретте төленген сыйақы Үкіметтің 2014 жылғы 2 желтоқсандағы №1266 қаулысында белгіленген мөлшерден аспайды.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры "Акционерлік қоғамдар туралы" заң талаптарына сәйкес ӘМСҚ сайтында және Қаржы министрлігінің қаржылық есептілігі бойынша интернет-ресурстарда ресми жариялануға жататын қаржылық есептіліктің міндетті аудитін жүргізеді", - деп мәлімдеді ӘМСҚ өкілдері.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) басшылығына төленген сыйақы мөлшері туралы айтқан еді. Мәжілісмен өзінің наразылығын білдіріп, премьер-министр Асқар Маминге сауал жолдады. Жамалов басқа қорлар шығынын да айтты.