Білім берудің барлық деңгейіндегі дене шынықтыру сабақтарында «Қазақ күресі», «Тоғызқұмалақ» және «Асық ату» ұлттық спорт түрлері міндетті компонент ретінде енгізілді
ERNUR.KZ. Бұл туралы Спорт және дене шынықтыру істері бойынша кеңейтілген алқа отырсында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мәлім етті, деп жазады baq.kz.
Салауатты өмір салтын насихаттау аясында өткен жылы республика бойынша 27 мыңнан астам бұқаралық-спорттық іс-шара өткізілді. Бұл іс-шаралар 1,5 млн адам қамтыды, оның 900 мыңы – ауылдық жерлерде. Бұқаралық спортты дамытудағы маңызды бағыттың бірі – мектеп және студенттер спорты. Бүгінгі таңда спорт және дене шынықтырумен мектеп жасындағы 2 млн бала қамтылған, - деді министр.
Сонымен қатар Д. Абаев былтыр студенттік спортты дамыту мақсатында қандай жұмыстар жүзеге асқанын айтты.
Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарында мыңнан астам спорттық секция жұмыс істейді. Олар 186 мыңнан астам студентті қамтыған, бұл студенттердің 30,3 пайызын құрайды. Жергілікті деңгейде 652 балалар мен жасөспірімдер клубы, 138 балалар мен жасөспірімдердің дене дайындығы клубы жұмыс істейді. Олар 220 мыңнан астам бала мен жасөспірімді қамтиды, - деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.