Өртті сөндіруге ТЖМ, орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және қорғаныс министрлігінен 1 500-ге жуық адам, 300-ден астам техника жұмылдырылған.
ERNUR.KZ. Абай облысында үш бағытта (оңтүстік, батыс және шығыс жиекте) өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп жазады sputnik.kz.
"Минералдандырылған жолақтар жасау жұмыстары аймаққа жетудің қиын болуына байланысты тоқтатылды. Елді мекендерге қауіп жоқ", - делінген хабарламада.
Өртті сөндіруге ТЖМ, орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және қорғаныс министрлігінен 1 500-ге жуық адам, 300-ден астам техника жұмылдырылған.
Сонымен қатар, өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына әуеден су төгу үшін 14 тікұшақ тартылды. Өртті сөндіру жұмыстары басталғаннан бері өрт ошақтарына әуеден 777 рет, жалпы көлемі 2000 тоннадан астам су төгілді.
"Кеше метеожағдайдың өзгеруіне, яғни жел екпінінің секундына 18 метрге дейін күшеюіне байланысты өрт оңтүстік бағытта Талица ауылына (тұрғындар алдын ала эвакуацияланды) қарай жайылды, ауылды қорғау үшін өрт техникасы жұмылдырылды. Өрт Талица ауылының шығыс жағынан далаға қарай таралып, кейін сөндірілді", - дейді ТЖ министрлігіндегілер.
ТЖ министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов оқиға орнынан өрт сөндіру жұмыстарын үйлестіруде.
ТЖМ және ТЖД жанынан қауырт желі жұмыс істеп тұр: 8 7172 53 32 84, 8 722 235 38 31.
Еске салсақ, Абай облысындағы алапат орман өрті 8 маусымда басталған болатын. Бүгінде жалын 60 мың гектардан астам алқапты шарпыған.
Тілсіз жау "Семей орманы" резерваты Новошульба филиалының 14 қызметкерінің өмірін қиды. Орманшылар өз учаскесіндегі өртті сөндіруге шыққан.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 12 маусым - Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады.