Аталған өнімнің өндірушісі - Оңтүстік Кореяның «Nulpureun CCo.Ltd» компаниясы.
ERNUR.KZ. Астанада адам денсаулығына қауіпті нан қоспасы анықталды. Бұл жайында ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінен мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
«ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті «Домашний продукт» супермаркетінде (Астана қ., 38 көше, 4 үй) өнімнің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу барысында құрамына бидай ұны, жүгері крахмалы, ашытқы, тұз және қара бұрыш қосылған «Кляр» сауда атауы бар адам денсаулығына қауіпті нан қоспасын анықтады. Зертханалық сараптама нәтижелері бойынша генетикалық түрлендірілген сояның сандық құрамы 7-ден 110 есеге дейін, сондай-ақ құрамы 0,9 пайыз рұқсат етілген жағдайда жүгерінің 1,6 пайызға дейін артуы анықталды», - делінген таратылған ақпаратта.
Ведомство мәліметінше, тұтыну қаптамасында көрсетілген өнімдерде гендік-түрлендірілген ингридиенттердің құрамы туралы ақпарат жоқ. Естеріңізге сала кетейік, азық-түлік өнімдеріндегі ГТА (ГМО) құрамының рұқсат етілген нормасы Алиментариус Кодексінің Халықаралық тамақ стандарттарына сәйкес 0,9 пайыздан аспайды және міндетті түрде таңбалануға жатады.
Аталған өнімнің өндірушісі - Оңтүстік Кореяның «Nulpureun CCo.Ltd» компаниясы. Қазіргі уақытта халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті орган өнімді анықтау және айналымнан алып қою жөнінде қажетті шаралар қабылдауда. Дүкен сөрелерінде аталған сәйкес келмейтін өнімдер анықталған жағдайда жазбаша немесе 8 /7172/ 74-27-04 нөмірі бойынша комитетке және оның аумақтық департаменттеріне жүгінуге болады.