Әдепсіз қылығы үшін жұмыстан қуылған Лаура Мырзағали неліктен жаңа қызметке тағайындалды

0
543

2022 жылы әлеуметтік желілерде Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарының қызметкермен сыйақы туралы сөз таластырған видеосы тараған болатын.


Әдепсіз қылығы үшін жұмыстан қуылған Лаура Мырзағали неліктен жаңа қызметке тағайындалды

ERNUR.KZ. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Ильдар Үйсімбаев Лаура Мырзағалидың мемлекеттік қызметтен босатылғаннан кейін денсаулық сақтау саласына қайта оралуына қатысты пікір білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.

Жақында БАҚ беттерінде қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары болған Лаура Мырзағалидың Алматы облысындағы ауруханалардың біріне жұмысқа орналасқаны туралы ақпарат пайда болды.

«Ол бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істеді. Жасаған әдепсіз қылығы үшін жазасын алды. Ол қызметінен босатылды. Лаура Мырзағали үш жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Оның жаңа тағайындалуына келетін болсақ, менің білуімше, ол мемлекеттік қызметке жатпайтын ведомстволық бағынысты денсаулық сақтау ұйымына кірген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл шектеулер ведомстволық бағынысты ұйымдарға, квазимемлекеттік секторға қолданылмайды. Сондықтан агенттік оның мемлекеттік қызметтен басқа тағайындауларын қадағалауға құқығы жоқ. Егер ол квазимемлекеттік сектордағы денсаулық сақтау ұйымына тағайындалса, бұл оның құқығы», - деп жауап берді Ильдар Үйсімбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Айта кетейік, былтыр Мемлекеттік қызмет істері департаментіндегі Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері жоғары лауазымды тұлғаны қызметінен босату жөнінде шешім қабылдаған еді.

Еске салайық 2022 жылы әлеуметтік желілерде Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарының қызметкермен сыйақы туралы сөз таластырған видеосы тараған болатын.

Кейін Мемлекеттік қызмет істері департаменті Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағалиға қатысты шулы видеоны тексерді.