5 желтоқсан – адвокаттар күні.
Әлем елдерінің барлығында дерлік адам құқықтары мен бастандығын қорғау саласы жүйелі түрде іске асырылады. Осы орайда, өз құқығын қорғауға ұмтылған азаматтарға адвокаттар заңдық тұрғыдан көмек көрсетеді. Сондықтан, бізді елімізде де бұл мамандық иелерінің қоғамдағы рөлі айрықша маңызға ие деп айта аламыз. Сәйкесінше, еліміздегі құқық қорғаушылар жыл сайын 5 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының адвокатура күні мерекесін атап өтеді.
Біріңіз білерсіздер, біріңіз білмессіздер, осыдан тура 26 жыл уақыт бұрын елімізде тұңғыш рет адвокаттарға қатысты Заң қабылданған. Ол – Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет туралы» Заңы деп аталады. Сол себепті, еліміздің бүкіл өңірін қамтитын адвокаттардың ұйымы осы датаны «Қазақстан Республикасының адвокатура күні» деп белгілеген.
Тиісінше, қазіргі таңда қазақстандық адвокаттар ел тұрғындарының азаматтық, әлеуметтік және экономикалық құқықтарын қамтамасыз етіп, қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығын сақтауға, Ата Заңымыздың беделін арттыруға сүбелі үлес қосып келе жатыр.
Осы ретте елімізде атқарылған мемлекеттік реформалардың аясында азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсететін адвокаттық қызмет қалыптасқанын айта кетуіміз керек.
Ал, биыл Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі тың жобаны жүзеге асырды. Аталған жоба аясында азаматтар нотариус қызметі, жеке сот орындаушысы, патенттік сенім білдірілген өкіл, сот сарапшысы және адвокат қызметтерін атқару үшін жедел әрі тиімді жолмен лицензия ала алатын болды. Ал, осы кезге дейін аталған қызметтерге лицензия беріп келген Аттестаттау комиссиясының қызметі тоқтатылды. Енді азаматтар компьютер арқылы сынақтан өтеді. Бұл лицензия алу үрдісін біршама уақытқа қысқартуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, бұл реформаны процессті жеңілдету деп қана емес, ашықтықты қамтамасыз ету деп те ұғынсақ болады.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік кодексіне адаокат мамандарына қатысты бап енгізіліп, аталмыш қызметкерлерге қатысты тінту, тексеру, қарап шығу сынды әрекеттерді айқындамақ. Жаңа заң талабына сәйкес, жоғарыда аталған процесстерді іске асыратын кезде айқындалуы тиіс заттардың тізімі жасалуы қажет. Яғни, құжатта көрсетілмеген заттарды адвокаттан алуғы шектеу қойылады.
Сонымен қатар, енгізілуі мүмкін бұл өзгерістерге сәйкес, адвокаттар айыпталушы өтініш білдірмесе де барлық процестік іс-әрекеттерге қатысуға құқық алмақ. Себебі, қазіргі заңда мұндай мүмкіндік болмағандықтан, Мәжіліс депутаттары бұл құқық қорғайтын адвокаттардың қызметіне шектеу болады деп санайды.
Оған қоса, айыпталушының мүддесін қорғаушыларға қандай да бір әрекетпен ықпал етіп, істің барысын бұрмалауға барғандар бес жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Немесе 10 жыл мерзімге лауазымды қызмет атқарудан шеттетілуі ықтимал. Мұны да Мәжіліс депутаттары ұсынған болатын.
Сонымен бірге, енгізілуі мүмкін өзгерістерге сәйкес, адвокаттар тергеп-тексеру ісіне қатысты құжаттардың көшірмесіне қол жеткізуге құқылы болатын көрінеді. Одан бөлек, адвокаттардың сотқа «қорғау актісін» енгізуіне мүмкіндік берілмек. Дегенмен, кәсібилігі төмен және саладағы өзін көрсетуі нашар адвокаттарға қатысты да тиісті шаралар болатын секілді.
Расында, құқығы бұзылған адамға көмек көрсететін адвокатура саласының мамандары да белгілі бір мүмкіндіктерді алуға лайық. Себебі, әрбір адвокат құқықтық көмек көрсету арқылы адамдардың тағдырын шешуге де атсалысады. Қалай болғанда да, өз ісінің шебері болған адвокаттардың да мерейі үстем бола берсін деп тілейміз!
Б.Мейірханұлы,