Әйелдің басын кесіп базарға тастаған күдікті сотта мәлімдеме жасады

0
1 210

Сотта марқұм келіншектің жалғыз қызы жауап берді.


Әйелдің басын кесіп базарға тастаған күдікті сотта мәлімдеме жасады

Алматыда әйелдің басын кесіп, дүкенге қалдырып кетті деген күдікке ілінген Асхат Иманқосов бүгін сотта жауап берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Сотта марқұм келіншектің жалғыз қызы жауап берді. Ол бұл істе жәбірленуші ретінде танылған. Марқұмның қызы күдіктіні бұрын-соңды анасының жанынан көрмегенін айтты.

"Үйсіз жүрген жандарға арналған бейімдеу орталығында тұрды. Тығыз қарым-қатынаста болдық деп айта алмаймын. Бөлек тұратынбыз. Арасында балаларымды қарайтын. Асханалардың бірінде ыдыс жуатынын айтатын. Соңғы рет өлерінің алдында екі апта бұрын көрістік. Сол қаралы күні бізді полиция бөліміне шақырды. Анамды өлтіріп кеткенін сол кезде ғана білдім. Күдіктіні осыған дейін көрмегенмін. Танымаймын".Марқұмның қызы

Күдікті сот залында жүзін көрсетпеуге тырысып бақты. Бет-аузын қағазбен жауып әлек болды. Тағылған айыпқа сүйенсек, тұрақты үйі мен табысы жоқ Иманқосов бірге тұрған әйелден ажырап қалмас үшін жауыздыққа барған. Яғни, ол бірге тұрып жатқан әйел үйінен қуып жібермес үшін осылайша амал жасаған. Алайда сотта күдікті өз кінәсін мойындамады.

"Анаңды өлтірген мен емес", - деді ол марқұм әйелдің қызына қарата айтқан сөзінде.

Иманқосовтың қылмысы дәлелденсе, кемі 15 жыл немесе өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айта кетсек, 12 сәуірде Шолохов көшесіндегі базар бутиктерінің бірінде белгісіз ер адам ішінде әйелдің басы бар пакетті қалдырып кеткен. Қалалық ПД мәліметтері бойынша, кесілген бас тиесілі әйелдің денесі сол көшеде орналасқан қараусыз ғимараттан табылды.

12 күннен кейін Алматыда әйелді өлтірді деген күдікті ұсталды, ол 1962 жылы туған ер адам болып шықты. Полицейлер ұсталған адамның жәбірленушімен небәрі бірнеше күн таныс болып әрі жанжал кезінде ауыр қылмыс жасағанын анықтады.