​Аймағамбетов министр кезінде өзі бекіткен талапты өзгертуді сұрады

0
102

Депутат қазір жағдай өзгеріп, соңғы бес жылдың ішінде адамзат жасанды интеллект дәуіріне қадам басқанын атап өтті.


​Аймағамбетов министр кезінде өзі бекіткен талапты өзгертуді сұрады

фото: Sputnik / Санат Имангалиев

ERNUR.KZ. Депутат Асхат Аймағамбетов магистратура мен докторантураға түсу тәртібін өзгерту қажеттігін мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Қазіргі талапқа сәйкес, магистратура мен докторантураға түсу үшін ағылшын тілінен емтихан тапсыру қажет.
"Мысалы, қазақ филологиясы, этнография, музыка сияқты мамандықтарға түсетін жастар да алдымен ағылшын тілінен емтихан тапсыруы керек. Әрине, ғылыммен айналысу үшін ағылшын тілін білу маңызды. Себебі күн сайын жарияланып жатқан ғылыми жаңалықтардың көпшілігі – ағылшын тілінде. Оларды оқу, түсіну, пайдалану — әр зерттеушіге қажет. Сондықтан бұл талап кезінде заманға сай, орынды шешім болды. Ашығын айтқанда, бұл талапты кезінде министр болғанда қолдаған да, бекіткен де өзім болатынмын. Алайда қазір жағдай өзгерді", - деді Аймағамбетов мәжілістің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, соңғы бес жылдың ішінде бәріміз жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Бүгінде ChatGPT, Gemini сияқты құралдардың көмегімен кез келген ағылшын мәтінін санаулы секундта, сапалы түрде қазақ немесе орыс тіліне аударуға болады.
"Иә, ағылшын тілі ғылым үшін әлі де қажет. Қажет болады да. Бірақ қазіргі технологиялардың арқасында бұл талап магистратураға түсуге кедергі болмауға тиіс. Өйткені енді осы технологиялармен, жастар ғылыми жұмысын бастай алады. Оның үстіне, шыны керек, айтылған талап студенттердің тілдік деңгейін айтарлықтай көтере алған жоқ. Ең қиыны – қазақ әдебиеті мен өнерін зерттегісі келетін жастар ағылшын емтиханынан өте алмағаны үшін магистратура мен докторантураға түсе алмай жүр", - деп атап өтті мәжілісмен.
Осы орайда Аймағамбетов премьер-министрге депутаттық сауал жолдап, өзі қолдаған талапты талаптарды өзгерту бойынша бірнеше ұсыныс жасады. Соның бірі – оқыту тілі қазақ немесе орыс тілінде жүргізілетін бағыттарда ағылшын тілінен емтиханды түсу кезінде емес, оқу аяқталған соң тапсыру.
"Сондай-ақ Scopus пен Web of Science базаларында мақала жариялау талабын да мамандықтың ерекшелігіне қарай қарастырған жөн. Мысалы, қазақ филологиясы, музыка сияқты салаларда балама жолдар ұсынылуға тиіс. Бұл – университеттің өз құзырында шешілетін мәселе болуы керек", - деді Аймағамбетов.