​"Әкелердің көзін ашу қажет": белгілі журналист оңтүстіктегі ескі көзқарасты жою керектігін айтты

0
1 564

Бүгін әлемнің көптеген елі халықаралық Әкелер күнін тойлап жатыр


​

ERNUR.KZ. Танымал тележүргізуші Данияр Есен бала тәрбиесінде қандай қиындықтармен бетпе-бет келгенін айтып, әкелік тәжірибесімен бөлісті, деп жазады sputniknews.kz.

Ең алдымен, журналист отбасыдағы әкенің рөлі туралы айтып, бала тәрбиесі қоғам үшін маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, осы тақырыпта адамдарға кеңінен ақпарат тарату қажет.

"Мен Instagram әлеуметтік желісінде блог жүргізе бастадым. Алғашында 8 мың оқырманым болды. Отбасы тақырыбын қозғағаннан кейін оқырмандарымның саны 40 мыңға жетті. Айтайын дегенім, осы тақырыпқа халық шөлдеп отыр", - дейді Данияр Есен ЮНИСЕФ өткізген іс-шарада.

Журналистің айтуынша, ер азаматтар бала тәрбиесіне көп мән бермейді.

"Шындықтық айтайық, қазақ отбасында ер азаматтар көлеңкеде. Әкенің отбасындағы рөлі өте төмен. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан өңірінде осы жайт қатты байқалады. Әкелері жұмыстан келеді. Қыздары алдынан жүгіріп шықса, ол "мен шаршадым, мамаңа бар" дейді. Сөйтіп, баласына көңіл бөлмейді. Сондықтан әкелердің отбасындағы рөлін көтеру мәселесіне көңіл бөлген жөн", - дейді тележүргізуші.

Данияр Есеннің отбасы

Данияр Есен өз отбасы туралы сөз қозғап, екі қызы бар екенін, бала тәрбиесінде қандай қиындықтармен бетпе-бет келгенін айтып берді.

"Құдайға шүкір, 13 және 8 жастағы екі қызым бар. Кенже қызым өмірге келгеннен кейін біз үлкен қызға көңіл бөлуді ұмытып кеттік. Сөйтіп, кішкентай қыздың тәтті қылықтары мен балдай тәтті сөздерін естіп, мәз болып жүрдік. Алайда осы уақытта үлкен қызым психологқа барып: "Әкем мен анам мені жақсы көрмейді, Мен оларға керек емеспін", - деп жылапты", - дейді ол.

Тележүргізуші үлкен қызымен арадағы түсінбестікті қалай жойғанын түсіндірді.

"Біз түсінбестік туралы сөйлестік. Осылайша, оған көңіл бөліп, шашынан иіскеп, "қандай әдемісің" деген сөздерді айта бастадым. Бұл жердегі мәселе олармен 1 сағат болу емес, үнемі байланыста болу. Біз кез келген тақырыпта әңгімелесеміз. Мысалы, сайлау, гендерлік саясат, балалардың құқығы туралы өзара пікір алмасамыз. Ата-аналар балаларына "Қалың қалай? Қарның тоқ па? Киімің бүтін бе? Сабақтан келдің бе?" деген сұрақтарды ғана қояды. Ал шын мәнісінде баламен әртүрлі тақырыпта сөйлесу керек", - деді Данияр Есен.

Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі

Сондай-ақ, ол бала тәрбиесінде әкелердің орны ерекше екенін, қазақтың ұлы ақыны Абайдың да әкесі Құнанбайдың тәрбиесін көргенін жеткізді. Данияр Есеннің пікірінше, бұл мәселеде бұрынғы көзқараспен күресу қажет.

"Қазақстанда әкелердің рөлін көтеру керек. Себебі қоғамда "еркек - түздің адамы, әйел - үйдің адамы" деген ұғым қалыптасқан. Мысалы, мен қолым бос уақытта ыдыс-аяқ жуамын, қыздарыма үй жинауға көмектесемін. Мен оған намыстанбаймын. Егер ер адам "мен тек ақша тауып әкелуім керек" деп жүрсе, ертең ол өз баласының қандай тәрбие алып жатқанын, қандай азамат болатытын білмей қалуы әбден мүмкін", - дейді журналист.

Данияр Есен әкелердің отбасындағы рөлін нығайту үшін арнайы тележоба жасау қажет деген пікірде.

"Әкелер туралы республикалық арналармен бірге арнайы тележоба жасау керек шығар. Телевидение – идеология құралы. Әкелердің отбасыдағы рөлін, балалармен бірге ойнап жүрген сәтін теледидардан көрсету қажет. Мысалы, Оңтүстік Кореяда әкелер туралы бағдарлама бар. Мен осы бағдарламаны көрдім. Оны 1 миллионнан астам адам қарапты. Рейтингісі өте жоғары. Менің ойымша, бізге осындай жобаларды қолға алу керек", - дейді ол.

"Әкелердің көзін ашу қажет"

Сөз соңында тележүргізуші отбасындағы бала тәрбиесіне екі адам да жауапты екенін атап өтті. Данияр Есен айтқандай, "еркек - түздің адамы, әйел - үйдің адамы" деген көзқарасты жою үшін шалғай ауылдарға барып, түсіндіру жұмысын жүргізу қажет.

"Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарындағы ауылдарға баруымыз керек. Сол жақтағы әкелердің көзін ашу қажет. Ол жақтағы адамдарға бұл мәселені түсіндірген абзал. Сондықтан осындай жұмыстарды ауылдан бастау қажет. Бұл – менің жеке пікірім. Әке тәрбиесін көрген ұл-қыздар ешқашан жаман болмайды", - деп түйіндеді сөзін Данияр Есен.

ЮНИСЕФ-тің мәліметіне сәйкес, Қазақстанда мектеп жасына толмаған балалардың күтімі мен тәрбиесіне әкелердің тек 6,6% ғана араласады екен.

Әкелер күні

Бүгін – Халықаралық әкелер күні. Мереке 2000 жылдың 11 қыркүйегінде Украинаның бастамасымен бекітілді. Ол жылма-жыл маусым айының үшінші жексенбісінде тойланады. Әкелер күнін алғаш рет Нидерланды, бірнеше жылдан кейін Жаңа Зеландия, 2013 жылы Бразилия атап өтті. Соңғы жылдары Қазақстанда тойланып жүр.