Ақмола облысы спортты дамыту бойынша көш басында

0
143

Бұл мемлекеттің спорт саласын дамытуға оң ықпал жасап жатқандығының белгісі десек, артық айтқандығымыз болмас.


Ақмола облысы спортты дамыту бойынша көш басында

Бүгінде еліміздің әр өңірі өзіндік даму жолына түсіп, сан сала бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жатыр. Олардың арасында спорт бағытына ерекше көңіл бөлініп, толайым табыстарға ие болып жүрген Ақмола облысы да бар. Аталған өңірдің өткен жылдардағы жетістіктерін айтпаған күннің өзінде, биылғы көрсеткіштерінің өзі біршама. Бұл мемлекеттің спорт саласын дамытуға оң ықпал жасап жатқандығының белгісі десек, артық айтқандығымыз болмас.


Атап айтсақ, жыл бастала салысымен 2008-2009 жылғы қыздар арасында өткізілген баскетболдан ел чемпионатында 16 құрама бақ сынап, ақмолалық аруларға қарсылық танытар ешкім болмаған. Тіпті, екі бірдей баскетболшысы дүбірлі доданың үздік ойыншылары атанған.


Норвегия мемлекетінде армрестлингтен өткен әлем кубогында да жеңіске жеткен осы ақмолалықтар. Нақтырақ айтсақ, ел намысын қорғап жүрген «Бурабай» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері 6 алтын, 4 күміс пен 2 қола жүлдені қанжығаға байлапты.


Өңірде қысқы спорт, соның ішінде шаңғы спортына ерекше назар аударылған. Осы ретте жыл басында тоғыз бірдей спорттық мектепке «Қазақстан халқына» қорының атынан жүзеге асырылған «Шаңғымен ауылға» жобасы аясында алынған шаңғы жабдықтары үлестірілді. Өйткені, алдағы уақытта Ақмола өңірін республикалық шаңғы орталығына айналдыру жоспары бірте-бірте іске асырылып келеді. Облыс спортшыларының ірі жарыстардағы нәтижелері де жаман емес. Сондықтан қор қаржысына 700 шаңғы жапбдығын сатып алып, оны ақмолалықтарға беруге әбден болады.


Ақпан айында шайбалы хоккей спортынан алғаш рет «SAMRUK BALA CUP» деп аталатын жасөспірімдер чемпионаты өткізілген еді. Елордада өткен бұл додаға өңірлерден келген жиырма төрт команда қатысып, үш жүзге жуық жасөспірім мұз үстінде өнер көрсеткен. Бұл сайыста да Ақмола облысының «Родина» командасы барлық қарсыласын жеңіп, турнир чемпионы атанды.


Дәл сол мезетте Степногорск шаһарында аралас жекпе-жек спортына арналға зал іске қосылды. Барлық талапқа сай етіп салынған ғимаратта жаттығу залынан бөлек киім ауыстыру және жуынуға арналған бөлмелер бар. Мұнда жасөспірімдер де, ересектер де жаттыға алады екен. Жалпы көлемі 230 шаршы метр болатын зал 30-35 адам жаттығуға лайықталған. Ең бастысы – балалар тегін қатысады.


А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде де халықаралық стандарттарға сай келетін спорт кешені ашылды. Бұл ғимарат тек ЖОО студенттеріне емес, өңір жастарына да қызмет ететін болады. Оған қоса халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді.


Мамыр айында Қосшы қаласы да алғашқы мемлекеттік спорт кешені қоланысқа берліді. Барлық материалдық-техникалық база, заман талабына сай жабдықтармен қамтылған нысанда жасөспірімдер мен ересектер күрес, бассейн, сырттағы жаттығумен айналыса алады. Жалпы, спорттың он түрімен айналысуға мүмкіндік беретін ғимарат бір күнде үш жүз адамды қабылдай алады.


Ал, Қорғалжын ауданында дене шынықтыру және сауықтыру орталығы бой көтеріп жатыр. Ғимарат биылғы жылдың соңына дейін ел игілігіне беріледі деп жоспарланған. Сонымен бірге, өңңірдегі тағы төрт аудан мен бір ауылда осындай спорттық нысандардың құрылысы жүргізіліп жатыр.


Біржан сал ауданындағы ауылдар да алдағы уақытта спорттық нысандар және ойын алаңшаларымен толығатын болады. Соның бірі – Баймырза ауылында қазығы қағылған балаларға арналған ойын алаңшасын, баскетбол, волейбол мен футбол алаңын біріктіретін нысан. Бұл орталыққа абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жарық тартылып, қоршалған. Осындай нысандар Сәуле , Тасшалқар, Бірсуат және Қоғам елдімекендерінде де ашылатын болады.


Жалпы, жыл басындағы деректерге сүйенсек, Ақмола өңірінде қырық мыңға жуық жасөспірімнің спотпен айналысуына мүмкіндік жасалған. Облыс олимпиадаға енетін спорт түрлері бойынша резерв әзірлеу бойынша да көш басында. Бүгінде өңірде отызға тарта балалар мен жасөспірімдер мектебі жұмыс істеп жатыр және екі жарым мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі азамат спортпен шұғылданады. Елімізде мың тұрғынға шаққандағы спорт инфрақұрылымымен қамтудың орташа көрсеткіші 52,2 пайызды құраса, Ақмола өңірінің көрсеткіші 60,4 пайызды құрап отыр.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ