Ақмола облысында 15 адам сібір жарасымен ауруханада жатыр

0
1 394

Денсаулық сақтау министрлігі жағдай бақылауда екеніне сендірді.


Ақмола облысында 15 адам сібір жарасымен ауруханада жатыр

ERNUR.KZ. Ақмола облысында 15 адам ауруханаға түсті. 13 адам Жарқайың, ал екеуі Есіл ауданында тұрады. Дәрігерлер олардың сібір жарасын жұқтырғанын растады, деп жазады sputnik.kz.

Науқастардың барлығы – Үшқарасу ауылында орналасқан "Үшқарасу" ЖШС қызметкерлері. Олар мал сойғанда, етті бөлшектегенде және тасымалдағанда сібір жарасын жұқтырған.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, пациенттердің жағдайы орташа ауыр.
Сондай-ақ олармен байланыста болған 35 адам анықталды, қазір олар да дәрігерлердің бақылауында.
Санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың нәтижесі бойынша 21 ет сынамасының 16-сында сібір жарасының ДНҚ-сы анықталған. Барлық тексерілген ошақта қорытынды дезинфекция жүргізілді.
Облыс әкімі орынбасарының басшылығымен штаб құрылды. Штабтың шешімімен 31 тамыздан бастап Үшқарасу ауылының аумағында карантин жарияланды.
"Ауыл шаруашылығы өнімдерін әкетуге шектеу енгізілді. 536 келі ет өртеу арқылы жойылды. Ет өңірден тыс жерлерге шығарылмаған. Инфекция ошағын жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Министрлік жағдай бақылауда екеніне сендірді.