Пирамиданың келтірілген шығын көлемі 147 млн теңгеден асқан.
ERNUR.KZ. Қаржы мониторингі агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті «LV FORCE» қаржылық пирамидасын құру және басқару бойынша Е.Е. Лишкоға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«2018 жылдан бастап Лишко Е.Е. Степногорск қаласының аумағында жеке тұлғалардан түсетін қаражатты қайта бөлу арқылы ақша тартудан кіріс алу мақсатында «LV FORCE» компаниясын ұйымдастыру туралы шешім қабылдап, қаржылық пирамида қызметін ұйымдастырды. Нәтижесінде осы пирамида жұмыс істеген кезеңде 5 822 жеке тұлға тартылып, келтірілген шығын көлемі 147 миллион теңгеден асады», - делінген ҚМА хабарламасында.
Сот Е. Лишконы кінәлі деп танып, оған тыйым салынған мүлкі тәркіленіп, бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
«Құрметті азаматтар! Мұқият және сақ болыңыз! Жинаған ақшаңызды күмәнді қаржы ұйымдарына салмаңыз. Компанияның халықтан қаражат тартуға лицензиясы бар-жоғын ҚМА телеграм боты арқылы тексере аласыз. Сенім телефоны: 8 (7172) 708-478», - деп ескертеді ведомство өкілдері.